Мирболат Мырзатайұлына араша сұрады
  • Басты
  • >
  • Мирболат Мырзатайұлына араша сұрады

Мирболат Мырзатайұлына араша сұрады

18.12.2025

Қоғам қайраткерлері Хасен Қожа Ахмет пен Дос Көшім «қазақ тілінде сөйлеуді талап еткені үшін түрмеге қамауды» айыптап, Мырзатайұлына бостандық сұрады

Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросында баспасөз мәслихаты өтті. Онда төрт жылға бас бостандығынан айрылған блогер, қоғам белсендісі Мирболат Мырзатайұлының мәселесі көтеріліп, жиналғандар оған бостандық беруді талап етті. 

Жиынға белгілі қоғам қайраткерлері Хасен Қожа Ахмет пен Дос Көшім, заңгер Сәбитхан Сәрсенбаев және Мирболаттың жары Гүлшат Бишуинова қатысты. 

Алдымен сөз алған заңгер Сәбитхан Сәрсенбаев былай деді: «Мирболат Бишуинов басқаратын «Журналистік зерттеу орталығында» заңгер қызметін атқарамын. Өздеріңіз білесіз, Мирболат мырза – желтоқсаншы, қазақ тілінің жанашыры ретінде танылған азамат. Мирболаттың үстінен қылмыстық іс шілде айында қозғалды. Коммуналды қызмет басшылығы оның үстінен арыз жазды. Заңға сүйенетін болсақ, Мирболаттың сол мекемеге барып, видео түсірілім жасауға толық құқығы бар. Себебі, ол жекеменшік үйге барып тұрған жоқ. Осы бейнежазба бойынша сот сараптамасы шығады. Онда «ұлтаралық араздық қоздыру» деген белгі бар делінген. Соның нәтижесінде Мирболатты төрт жылға түрмеге соттады. Мемлекеттік тілді талап еткені үшін оны соттау қаншалықты дұрыс? Парламент депутаттары бұл мәселені қарауы тиіс. Мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ету – қылмыс па? Осыған жауап берсін. Мемлекеттік тілде сөйлеуді талап ету заңға қайшы әрекет деп қабылданбауы керек».

Қоғам қайраткері Дос Көшім мына жағдайға тоқталды: «174 бапты алып тастау керек деген мәселе біраз уақыттан бері көтерілді. Әрине, бұл алдағы уақытта тағы да талқыланатын мәселе. Менің айтарым, 174 баптың нақты шарттары қарастырылуы керек. Қандай іс әрекеттер жасалғанда бұл баппен жазаға тартады деген. 174-бап қазақ ұлтының азаматтарына қатысты көбірек қолданылады. Бұл да қарастырылуы керек жағдай. Ал енді Мирболаттың ісін алсақ, мынадай пікір айтар едім. Коммуналды қызметтің басшысының өзін қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Орыс тілі мемлекеттік тіл деп айтты. Бұл жалған ақпарат тарату емес пе? Одан кейін Мирболатты «нацист» деп жатыр. Бұлай айтудың өзі заңға қайшы емес пе? Басшылық қызметте отырған адам мемлекеттік тілді білуі тиіс. Испания конституциясында «әрбір испан азаматы мемлекеттік тілді білуі керек» деген норма бар. Бізде неге ондай жағдай жоқ? Мирболатты «сіз қазақтарға қарсысыз ба?» Деген бір ауыз сөзі жоқ түрмеге жапты. Бірақ, оның қай жерінде қылмыс бар? Сот сараптамасын қайта өткізу қажет. 174-баптың бірде бір белгісі жоқ мына сөзінде Мирболаттың. Бәлкім, сараптама жасаған мамандар орыс ұлтының өкілімен сөйлескен соң осындай қорытындыға келген шығар. Бірақ, бұл қазақтарға да қатысты қолданылатын әңгіме. Мәселе ұлтында емес. Қайта сол коммуналды қызмет басшысы жазаға тартылуы тиіс. Қайтадан сараптама өткізу керек». 

Мирболатты неліктен соттағаны байланысты Дос Көшім былай деді: «Оны неге қамағанын біліп отырмыз. Бұрынғы белсенді әрекеттері үшін қамады. Әйтпесе, Мирболаттың айтқанын басқа да азаматтар айтады. Тіпті одан да қатты айтады. Сол үшін түрмеге жаба ма бәрін?». 

Қоғам қайраткерінің ойынша, бұл басқа да азаматтарға сабақ болсын деп шығарылған үкім. Яғни, қазақ тілінің мәселесі көтерілмесін, ондай талаптар қойылмасын әрі белсенділік болмасын деп қабылданған шара деп санайды.

Мирболаттың жары Гүлшат Бишуинова оның қазіргі жағдайына тоқталды: «Мирболатты сотталғандардың камерасына ауыстырды. Салқын, қабырғасы көгерген камераға ауыстырды алдымен. Қазір басқа жерге орналастырды. Содан тұмауратып, ауырып қалды. Сот материалдарымен танысып жатыр осы күндері. Екі сараптамалық қорытынды дайындалды Мирболаттың ісінде. Екеуі де мемлекеттік органдардың айтуымен жасалды. Мирболаттың өзін сотқа қатыстырмады. Одан бөлек, тергеушілерді сотқа шақырттық. Оларды да шақыртпады. Барлық конституциялық құқығы тапталды Мирболаттың. Былай қарап отырсақ, екеуара болған әңгімені екі ұлтты араздастыруға бағытталған мәлімдеме деп отыр. Бұл дұрыс емес қой. Мирболаттың өзі тіл үшін сотталуға дайынмын деп мәлімдеді. Жақында апелляциялық сотқа материалдар жолданады. Одан кейін іс Алматы қалалық сотында қаралады». 

Желтоқсан қатысушысы, қоғам қайраткері Хасен Қожа-Ахмет былай деді: «Кеңес билігі тұсында қазақ тілінің мәселесіне алаңдап, мақала жазған болатынмын. Қарап отырсақ, әлі де жағдай өзгермеді. Кезінде Шона Смаханұлы қазақ мектептерін ашуды талап етіп жүрді. Әбу Сәрсенбаев қазақ тілінің мәселесін көтерді. Көзіміз тірісінде қазақ тілінде сөйлегенін Қазақстанның көре аламыз ба деген болатын ол кісілер. Олардың арманы әлі орындалмай келеді. Отаршылдардың ісін жалғастырып келе жатыр бұлар. Өз ана тілінде сөйлемеу деген не сұмдық? Тәуелсіздігіміз қайда біздің?».

Қоғам қайраткері Хасен Қожа-Ахмет  Мирболат Мырзатайұлының ісіне қатысты мынаны айтты: «Бұл жағдайға бәріміз де түсуіміз мүмкін. Қазақ тілінде сөйлеуді талап еткені үшін түрмеге қамау деген не сұмдық? Кезінде не үшін сотталдым мен. Отбасымды жылатып. Не үшін қудалауға түстім, егер тәуелсіз елімде мынадай жағдай орын алып отырса. Ұлттық намыс қайда? Сталиннің кезінде мынадай жағдай болмады. Содан асып кеттік қой біз тіпті».