Белгілі марафоншы 4 қаңтардан бастап мерзімсіз аштық жариялағаны белгілі болды. Бұл туралы оның қорғаушысы Денис Малюга хабарлады
Белгілі марафоншы, «Алға, Қазақстан» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, жеті жылға түрме жазасына кесіліп, «саяси тұтқын» ретінде танылған Марат Жыланбаевқа осымен үшінші рет қорғаушысын кіргізбей тастады.
Марафоншының 4-қаңтардан бастап аштық жариялағаны да белгілі болды. Алайда, оның не себепті наразылық акциясын бастағаны белгісіз.
Бұл жағдай туралы Денис Малюга былай деді: «Маған ақпараттық қолдау көрсетуге шақырамын. Үшінші рет мені Маратқа кіргізуден бас тартты колония басшылығы. Біздің ақпаратқа сәйкес, 4-қаңтардан бастап ол мерзімсіз аштық жариялады. Оның не себепті аштық бастағаны, денсаулық жағдайы қандай екені бізге беймәлім. Мараттың жағдайына қатты алаңдаушылық білдіреміз».
Марат Жыланбаев абақтыға қамалғалы бері бірнеше рет аштық жариялап, оның денсаулығы сыр берген болатын. Марафоншының соңғы рет жарияланған суреті қоғамда алаңдаушылық тудырып, жұртшылық оның денсаулығына алаңдаушылық білдерген еді. Алайда, құзырлы органдар «Марат Жыланбаевтың денсаулық жағдайы қалыпты, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ» деп мәлімдеді.
Десе де, Марат Жыланбаевқа оның қорғаушысын не себепті кіргізбегені түсініксіз. Қылмыстық атқару кодексіне сәйкес, қорғаушының еш шектеусіз өз қорғауындағы азаматқа баруына, оның жағдайын білуіне мүмкіндігі бар. Оның үстіне, Жыланбаевтың қорғаушылары Жоғары сотқа кассациялық шағым түсіретінін де жеткізген болатын.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Марат Жыланбаевты «саяси тұтқын» деп танып, оны дереу түрмеден босатуға, оған тағылған айыптарды алып тастауға шақырып, Қазақстан билігіне үндеу жолдаған еді. Алайда, құзырлы органдар бұған қатысты еш реакция білдірмей, оны жеті жылға бас бостандығынан айырды.
