АҚШ: Воронцов діни көзқарасы үшін қудалануда
  • Басты
  • >
  • АҚШ: Воронцов діни көзқарасы үшін қудалануда

АҚШ: Воронцов діни көзқарасы үшін қудалануда

11.03.2026

Діни бостандықтар бойынша АҚШ Мемлекеттік комиссиясы Қазақстан билігі Иаков Воронцовты діни көзқарасы үшін қылмыстық қудалауға ұшыратты деп санап, біздің елді бұл мәселеде «бақылануы тиіс» елдердің қатарына қосты

Алматыда қылмыстық іс бойынша екі айға қамауға алынған бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцов АҚШ тың халықаралық дәни бостандықтар бойынша Мемлекеттік комиссиясының тізіміне «діни көзқарасы үшін қудаланған азамат» ретінде тіркелді.

«Яков Воронцов діни қызметі мен жетекшілік рөлі үшін ұсталды. 2025 жылдың ақпан айында билік өкілдері тіркелмеген православие шіркеуінің священнигі Воронцовты оның үйінде түнгі тінту жүргізу кезінде қамауға алды. USCIRF сайтында айтылғандай, Воронцов Ресейдің Украинаға қарсы соғысын ашық сынға алып, оның «христиандыққа еш қатысы жоқ» екенін мәлімдеген» делінеді АҚШ Мемлекеттік комиссиясының сайтында.

Бұған байланысты АҚШ Мемлекеттік комиссиясы Қазақстанды «діни бостандықтар бойынша бақылауға алынуы тиіс» елдердің қатарына қосты. Одан бөлек, құжат авторлары еліміздегі басқа да жағдайларға тоқталды.

Нақтырақ айтсақ, онда былай делінеді: «Өз шолуында авторлар елде діни бостандықтың жалғасып жатқан және жүйелі түрде бұзылып отырғанынмәлімдеді. Онда діни қызмет туралы заң іс жүзінде тіркелмеген кез келген діни қызметке тыйым салатыны, ал тіркеудің өзі үшін жоғары талаптар қойылғаны атап өтілген. «Мысалы, Астанадағы “Слово жизни” шіркеуі 2024 жылдың наурыз айынан 2025 жылдың маусым айына дейін тіркеу үшін сегіз өтініш берген. Билік мүшелер санына және басқа да бюрократиялық талаптарға байланысты алаңдаушылық білдіріп, олардың әрқайсысын кері қайтарды», – — деп көрсетілген USCIRF мәлімдемесінде. Шолу авторлары сондай-ақ қоғамдық орындарда бетті толық жабатын киімге салынған тыйымды да сынға алды. Комиссияның пікірінше, іс жүзінде бұл тыйым тек бетті жабуға емес, діни сенімді сырттай білдіру формаларына бағытталған. Сонымен қатар мектептерде діни белгілерге тыйым салынғаны да еске салынды, бұл әсіресе орамал тағатын мұсылман қыздарға әсер етеді».

Естеріңізге сала кетсек, Орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкері Иаков Воронцов алдымен «есірткі тұтынды» деген айыппен әкімшілік қамауға алынды. Кейіннен, оның үстінен «есірткі притонын» ұйымдастырды деген ауыр айып тағылып, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Алматы қалалық тергеу сотының қаулысымен, Воронцов екі айға қамауға алынды. Тергеу изоляторында бұрынғы діни қызметкердің сақалы күштеп алынғаны да хабарланды. Бұл да оның қорғаушысының мәлімдеуінше, адам құқығын өрескел бұзудың бір түрі.

Бірқатар қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Воронцовты қудалаудың артында саяси астар бар деп санайды. Себебі, бұрынғы діни қызметкер Ресейдің Украинаға соғысын «басқыншылық» деп айыптап, оны дереу тоқтатуға шақырды.