16-желтоқсан, Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алу күні, Қазақстанның бірқатар қалаларында еске алу шаралары өтті. Полиция белсенділерді ұстаған жағдайлар да орын алды.
Соңғы жылдары дәл осы датаның алдында белсенділерді ұстау, оларды алаңға жібермеу жиі кездеседі. «Митингке шықтың» деп қамап тастаған мысалдар да болды. Бұл жолы да сондай ұстаулар болды. Астанада белсенді Эльвира Бекзадина үйінен балаларымен бірге шыққанда ұсталды. Екі баласымен бірге қолына гүл ұстап кетіп бара жатқан Бекзадинаға полициялар тарпа бас салып, оны автокөлікке отырғызды. Оны не себепті ұстағаны, қандай заңбұзушылық жасағаны белгісіз. Полиция бұрынғы әдетіне салса, әкімшілік жауапкершілікке тартуы әбден мүмкін.
Алматыда Республика алаңына бір топ белсенділер жиналып, Желтоқсан мен Жаңаөзен құрбандарын еске алды. Ел алдында сөз сөйлеген Рысбек Сәрсенбайұлы былай деді: «Неге алаңымыз қайта қайта қанға боялады? Неге бейбіт халыққа оқ атылады? Неге халықты террорист деп санайды? 37-жылы халқымызды азаптады, қырды. Ал қазір неге сондайға жол береміз? Қазір де билікке сын айтқан азаматтарды түрмеге қамап жатыр».
Республика алаңына шыққан бір топ желтоқсаншылар Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының әрекетіне наразылық білдірді. Олардың сөзінше, әкім келе жатқанда оларды алаңнан ысырып, қала басшылығына тағзым етуге мүмкіндік жасалды. «Құрметті алдымен желтоқсаншыларға көрсету керек емес пе?» Деп налыды олар.
Сонымен бірге, алаңға келген желтоқсаншылар 4 жылға бас бостандығынан айрылған белсенді әрі блогер Мирболат Мырзатайұлының бостандығын талап етті. «Мирболат Мырзатайұлын бостандыққа шығаруды талап етеміз. Желтоқсан оқиғасына 39 жыл болды. Бүгін егемендік алған күніміз. Тәуелсіз Қазақстанда Мирболат сияқты азаматтарымыз көп болуы керек. Оларға жала жауып түрмеге отырғызуға болмайды. Мирболатты бостандыққа шығарсын» деді олар. «Мирболатқа бостандық» деп ұран көтергенде оларға Алматы қаласы әкімдігінің өкілі келіп, «жиындарыңыз заңсыз, әкімшілік жазаға тартыласыз» деп ескертті.
Республика алаңына белсенділерден бөлек, Алматы қаласы әкімі Дархан Сатыбалды мен басқа да шенділер келді. Олар Желтоқсан боздақтарын еске алып, құран оқытып, рухына тағзым етті.
Павлодар қаласында да бір топ белсенділер жиналып, орталық алаңға келді. Оларды қалалық әкімдік өкілдері күтіп алып, «сіздер жиын өткізуге алдын ала ескерту тапсырмадыңыз» деп ескертті. Қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері «әкімдікке барайық, сонда сөйлесейік» деген ұсыныс білдірді.
16 желтоқсан қарсаңында бір топ саяси эмигранттар «митинг өткізуге шақырып», жұртты алаңға шақырғаны белгілі. Соған байланысты қалаларда күзет күшейтіліп, полиция көп жүрді алаңдарда.
