• Басты
  • >
  • «Төтенше жағдай режимін бұзды» деп айыпталған белсенділер он тәулікке қамалды

«Төтенше жағдай режимін бұзды» деп айыпталған белсенділер он тәулікке қамалды

23.03.2020

21-ші наурыз күні Ақтөбе қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының шешімі бойынша, 18 наурыз күні билікке қарсы шараға қатысып, «төтенше жағдай режимін бұзды»  деп айыпталған белсенділер Әлібек Молдин, Асылхан Жаубатыров, және Айтжан Темірғазиев он тәулікке қамалды. Ал Қарагөз Башигулова мен Ақлима Туксикованың әрқайсына 26510 теңгеден айыппұл салынды. 

“Бұл азаматтарға Әкімшілік Кодекстің 476-бабының 3-тармағы (Төтенше жағдай режимін бұзу) бойынша айып тағылған. Олар Ақтөбе қаласы мамандандырылған әкімшілік соты ғимараты жанында 18 наурыз күні жиын өткізген. Осылайша, Қазақстан президенті [Қасым-Жомарт Тоқаевтың] 15 наурыздағы төтенше жағдай жариялау туралы жарлығын іске асыру жөніндегі нұсқаулықты бұзды” деп жазылған облыстық соттың хабарламасында

Бұл ақпаратты қамалғандардың бірі Әлібек Молдиннің әйелі Жадыра Нұғыманова да растады.

«Күйеуім Әлібек Молдин мен өзге де белсенділер 18 наурыз күні белсенді Асылхан Жаубатыровты (“Полицияның заңды талабына бағынбады” деп айыпталып, іс қозғалған. Сот отырысы кейінге қалды – ред.) қолдау үшін сотқа барған. Төтенше жағдай режиміне орай оларды сот ғимаратына кіргізбеген. Сыртта топтасып тұрған белсенділерді билік “төтенше жағдай режимін бұзды” деп айыптап, қамап тастады», – дейді ол.

Жадыра Нұғыманова күйеуі Әлібек Молдин мен оның жақтастары сотта өздеріне тағылған айыпты мойындамағанын айтады.

Әлібек Молдин, Асылхан Жаубатыров және Айтжан Темірғазиев осыған дейін де бірнеше рет билікке қарсы наразылық шараларына қатысып, әкімшілік жазамен қамалған.

15 наурызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде коронавирус табылуына байланысты сақтық шарасы ретінде төтенше жағдай жариялаған. Елде адам жиналатын шаралардың барлығына тыйым салынған.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз