• Басты
  • >
  • Орал соты блогер Бөкеновтің үстінен қозғалған істі тоқтатты

Орал соты блогер Бөкеновтің үстінен қозғалған істі тоқтатты

24.03.2020

Орал қаласының азаматтық соты блогер Айболат Бөкеновтің үстінен қозғалған іс тоқтағанын хабарлады. Блогерді БҚО полиция департаменті “ар-намыс, қадiр-қасиет пен iскерлiк беделге нұқсан келтірді” деп айыптап, сотқа берген.

Соттың баспасөз хатшысы Нұргүл Қанабаеваның хабарлауынша, блогер өзінің видеосында айтқан деректерді “жоққа шығарған” соң іс тоқтаған.

«Құжатта айтылғандай айыпталушы Бөкенов шағымға себеп болған ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Осыдан соң сот 19 наурызда істі тоқтату туралы шешім шығады», – деді ол.

Полиция департаменті “Бөкенов Еуразия телеарнасына ақпаратын жоққа шығаратынын айтқан соң сот істі тоқтатқанын” растады. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібеков хабарлады.

Бөкенов іс тоқтағаны жайлы сот шешімін көрмегенін айтты. “Құжатты поштамен саламыз деп уәде еткен” дейді ол. Бұл іс бойынша сот отырысы елдегі коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдайдан кейін тоқтап қалған.

«Cудья соңғы сот отырысында полиция департаменті өкіліне “жоққа шығарған сөзін телеарна қызметкерлері алып келсін” деп айтты. Мен интервью беру үшін астанаға өз ақшама бара алмаймын ғой», – деді Бөкенов.

Блогердің сөзінше, оған телеарна операторы келіп, сөзін камераға жазып алған. Ол камераға полицейлер 92 рет жол ережесін бұзғанын, бірақ қазір “видеолар өшіп қалғандықтан” қолында дәлелі жоғын айтқан.

Блогер қазақстандық телеарналардың біріне берген сұхбатында “екі жылда БҚО полицейлері 92 рет жол ережесін бұзғанын видеоға түсіріп алдым” деген. Бұл дерекпен келіспеген полиция департаменті блогерді сотқа берген еді.

Блогер бұл шағымды өзінің белсенділігімен байланыстырады. Бөкенов әлеуметтік желіге бірнеше пост жазып, полиция департаментінің басшысы Махсудхан Аблазимовтің қызметтен кетуін талап еткен.

Қазір Бөкеновтің үстінен жергілікті газет тілшісі Дана Дүйсекенованың шағымы бойынша тағы бір іс жүріп жатыр. Дүйсекенованың алғашқы шағымы бойынша Бөкенов бес күн қамалып шыққан. Келесі сот отырысы 1 сәуірде өтуі тиіс.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз