• Басты
  • >
  • Қамаудағы белсенді Әсет Әбішев прокурорға арыз жазғанан кейін изоляторға қамалған

Қамаудағы белсенді Әсет Әбішев прокурорға арыз жазғанан кейін изоляторға қамалған

19.05.2020

Адвокат Гүлнар Жуаспаев Facebook парақшасында қамаудағы белсенді Әсет Әбішевпен болған видео кездесудің бейне таспасын жариялады. Онда белсенді өзінің тәртіптік изоляторға не үшін қамалғанын және әлі күнге дейін қарысы шағым түсіру үшін тиісті құжаттарды алмағанын айтты. 

Әсет Әбішевтің сөзінше, ол сәуірдің 6-ы күні шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға (УДО) өтініш жазған. Осыдан кейін оны тәртіптік изоляторға қамаған. 

«Мен сәуірдің 6-ы күні шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға өтініш білдірдім. Ертесі күні коронавирусқа байланысты түзету мекемесінде қандай шаралар қабылданып жатқанын түсіндіруді сұрап прокурорға арыз жаздым. Себебі сол уақытта медицина бөлімінде бірде-бір градусник болған жоқ. Адамдар қызуы көтеріліп ауырып жатты. Медициналық бөлім олардың қызуын тексере алмады. Дәл осы күні олар менің қалтама ұялы телефонды өздері салды да, кейіннен тәртіптік изоляторға қамады», – деді Әбішев.

Бұдан бөлек, белсендінің айтуынша, түрме қызметкерлері тінту жұмыстарын арнайы бөлмеде емес, кезекші бөлмеде жасаған және заң сай әрекет етпеген. 

«Олар тінту жұмыстарын арнайы бөлмеде емес, әскерилер отыратын кезекші бөлмеде жасады. Тәртіп бойынша олар менен сыртқы киімімді толықтай шешуімді сұраулары керек болған. Бірақ олар мені кезекші бөлмеге алып келді де, қоршап алып қолыңды көтер деді. Осы уақытта бейне камераны қосып, қалтамнан ұялы телефонды тәркіледі. Оның телефон екенін кейін білдім. Дәл сол уақытта оның не екенін білген де жоқпын», – деді белсенді.

8 сәуірде Заречный кентіндегі 155/14 колониясында азаматтық белсенді Әсет Әбішев «коронавирусқа байланысты қауіпсіздік шарасын күшейтуді, тұтқындарға қосымша маска беруді, дезинфекция жасауды талап еткені үшін карцерге қамалғанын» белгілі болған. Кейіннен оның колония басшылығына наразылық білдіріп, изоляторда аштық жариялағаны жөнінде ақпарат тараған. Бұл ақпаратты мекеме басшысы Жәнібек Қосжанов та растаған. 

42 жастағы Алматы тұрғыны Әсет Әбішев Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысы бар деп айыпталып, төрт жылға сотталған. Бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Аблязов жетекшілік ететін ҚДТ-ны Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп таныған. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында бұл ұйымды «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Әбішев 2018 жылы 5 шілдеде қамауға алынып, 2018 жылы 30 қарашада сотталған. 2019 жылы 13 ақпанда апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырған.


Сондай-ақ қараңыз