• Басты
  • >
  • Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты

Мұхтар Жәкішев бостандыққа шықты

19.03.2020

19 наурызда таңертең Семей қаласындағы ОВ-156/144 қатаң режимдегі колониядан “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев босап шықты. Оны түрме алдынан ондаған белсенді қарсы алды. Таңертеңгі сағат 10:30 шамасында түзеу мекемесінен көлікпен шыққан Жәкішев көліктен түсіп, бәріне қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Оның жанында әйелі Жәмила Жәкішева да болды.

3 наурызда Семей қалалық соты Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырған. Сот шешіміне сәйкес, Мұхтар Жәкішев “пробациялық бақылауға алынып, жаза мерзімі толық аяқталмайынша Қазақстан аумағынан шығарылмайды”.

Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырдың 21-і күні “Қазатомөнеркәсіп” компаниясының басшысы қызметінен алынып, мамырдың 24-де тұтқындалған. “Венада (Австрия) “Қазатомөнеркәсіп” компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген” деген айыппен 14 жылға сотталған.

2012 жылы маусым айында Мұхтар Жәкішектің үстінен қозғалған тағы бір іс бойынша Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының №2 соты үкім шығарды.

Оған “ірі көлемдегі алаяқтық” (қылмыстық кодекстің 177-бабы) және “өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлкін иемденіп, шығындау” (176-бап), “заңдастыру” (193-бап), “қылмыстық топ құру” (235-бап), “қызметтік өкілетін асыра пайдалану” (307-бап) баптары бойынша айыптар тағылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын белгіленді. Бұл жаза бұрынғы 14 жылдық жазамен біріктірілді. Екінші қылмыстық іс бойынша сот отырыстарына Мұхтар Жәкішев пен оның өзі жалдаған адвокаттары қатысқан жоқ.

Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Жәкішевті “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. Олар “Жәкішев елден қашқан Мұхтар Әблязовпен (бұрынғы банкир, Қазақстан билігін сынаушы) араласқаны үшін қысымға ұшырады” деп санайды. Қазақстан билігі елде “саяси тұтқындар жоқ” деп есептейді.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз