• Басты
  • >
  • Бюро: Қос азаматты Қытайға қайтару заңға қайшы

Бюро: Қос азаматты Қытайға қайтару заңға қайшы

12.12.2019

Адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросына екі Қытай елінің азаматы Қастер Мұсақанұлы мен Мұрагер Әлімұлынан арыз келіп түсті. Олар Қазақстан Республикасы аумағынан босқын мәртебесін алғысы келеді. Аталған азаматтарға Бюро қызметінің құзырына сай алғашқы заңгерлік көмек және Қазақстан аумағында босқын мәртебесін алу жөнінде заңгерлік кеңес берілді.

Одан кейін босқын мәртебесін алуға арыз тапсыруға көші-қон қызметіне жіберілді. Ол жерде екі азамат Қазақстан Республикасының шекарасын заңсыз кесті деген айыппен ұсталды. Сол күні Қазақстан Республикасының 04-желтоқсан, 2009 жылы қабылданған «Босқындар» туралы заңына сай олар ҚР аумағында босқын мәртебесін алу бойынша арыз тапсырды.

Бүгінгі таңда Қазақстан шекарасын заңсыз бұзу айыбы бойынша тергеу амалдары уақытында сот шешімімен уақытша ұстау изоляторында.

Адам құқығы жөніндегі Бюро жуырда БАҚ-та ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметі шекара қызметінің директоры Д.Дильмановтың айтқан сөздеріне қатысты алаңдаушылық білдіреді. Оның айтуынша, қос азамат шекараны заңсыз бұзу айыбы бойынша сот шешімі шыға салысымен Қытайға жіберіледі.

Естеріңізге сала кетейік, аталған азаматтар ҚР аумағына босқын мәртебесін алу үшін, қауіпсіз баспана іздеп келді және уақытылы босқын мәртебесін беру жөнінде өтініштерін құзырлы мекемеге тапсырды.

ҚР Босқындар туралы заңының 18 бабы, 2 бөліміне сай пана іздеген адамдарды және босқындарды нәсілдік, діни сенім, ұлттық, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша олардың өміріне немесе бостандығына қауіп төнген елдің шекарасына қайтаруға немесе елден шығарып жіберуге тыйым салынады. Дәл қазір аталған азаматтар босқын мәртебесін іздеуші болып табылады, яғни, олардың аталған арызы толық қарастырылмай, ҚР аумағын заңсыз кесу ісі бойынша соттың шешімі қандай болғанына қарамастан оларды Қытайға беруге болмайды.

Қазақстан Республикасы қол қойып, өзіне міндеттемелер алған БҰҰ-ның 1951 жылы қабылданған Босқындар мәртебесіне қатысты конвенциясына сай өзге ел азаматтары шекараны заңсыз бұзған жағдайда да, келген елдерінде олардың өмірі мен бостандығына қауіп төніп тұрғанына қатысты толық түсініктеме беріп, өз еркілерімен құзырлы органдарға келіп, тиісті арыз жазып, босқын мәртебесін сұраса олар аталған ел аумағында еш рұқсатсыз тұра алады.  

Яғни, келген елінде өмірі мен бостандығына қауіп төніп, қашуға мәжбүр болған босқындар келген мемлекетте қандай да шектеулер мен жазаға ұшырамауы тиіс.  

БҰҰ Конвенциясына сай босқындар өмірі мен бостандығына нәсілдік, діни сенім, ұлттық, азаматтық белгісі, белгілі бір әлеуметтік топқа жататындығы немесе саяси нанымы бойынша қауіп төніп тұрса, ол ел аумағына қайтарылмайды. Басқаша айтқанда, босқындар қандай да жағдайда келген еліне қайтарылуына болмайды.

Жоғарыда аталған Конвенция нормаларын орындау Қазақстан үшін міндетті, себебі, біздің мемлекет Босқын мәртебесі жөніндегі бұл құжатты 1998 жылы ратификациялап, өзіне халықаралық міндеттемелер алған болатын.

Қытайдағы азаптау, заңсыз бостандықтан айыру фактілеріне қатысты көптеген дәлел бар. Ол жөнінде халықаралық ұйымдардың есептері, БҰҰ арнайы есептері, үкіметтік емес құқыққорғау ұйымдары есептерінен және БАҚ-та жарияланған көптеген ақпараттан білуге болады. Сонымен қатар, Қытай өлім жазасы бар елдердің бірі, бұл сол жаза кесілуі мүмкін қандай да босқынды аталған елге бермеуге ең басты себеп.

2011 жылы БҰҰ адам құқығы жөніндегі комитеті «Аршиддин Исраил Қазақстанға қарсы» ісі, Қытайға берілген, Қазақстан аумағынан босқын мәртебесін іздеген этникалық ұйғырдың құқығының бұзылғаны туралы шешім шығарды.

Бұл шешімде БҰҰ Комитеті біздің мемлекеттің Қытайға беру арқылы аталған азаматты азаптау қауіпіне, өлім қауіпінде қалдырғанын айтады. Ондай істі ешқандай ұлттық қауіпсіздік немесе босқынның жасады-мыс қылмысының ауырлығымен ақтап алуға болмайтыны айтылған.

Бұдан әрі Комитет хабарлама авторын қатысушы мемлекеттің билік органдарына экстрадициялау кезінде Қытайда қамаудағыларды азаптау қолданылатыны және мұндай өтініштің қауіптілік дәрежесі әдетте аз ұлттардың, соның ішінде ұйғырлардың саяси себептер бойынша және қауіпсіздік пайымдаулары бойынша қамауда болған екендігі туралы кеңінен танымал және сенімді  хабарлардың болуы жайлы белгілі немесе белгілі болуы тиіс деп есептейтінін атап өтті.

Комитет егер қатысушы мемлекет өзінің юрисдикциясындағы адамды басқа мемлекеттің юрисдикциясына беретін болса және оған орны толмас зиян келтірудің нақты қаупі бар деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса, мысалы, азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 6 және 7-баптарында айтылған, онда қатысушы мемлекет Пактінің ережелерін өзі бұза алады. Осы істің мән-жайын ескере отырып, Комитет хабарлама авторын экстрадициялау Пактінің 6 және 7-баптарын бұзу болып табылады деген қорытындыға келді.

Яғни, сөз Қытайға экстрадициялау жағдайында Қазақстан Республикасы 2005 жылы ратификациялаған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 6 (өмір сүру құқығы туралы) және 7 (азаптаудан қашу құқығы туралы) баптарын бұзушылықтар туралы болып отыр.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюроның осы адамдардың жағдайы және босқындар құқықтары бөлігінде Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін және “non-refoulement” қағидатын бұзу, яғни пана іздеген адамдарды азаптау және басқа да қатыгездік көрсететін, сондай-ақ өлім жазасы қатері бар елге беру мүмкіндігі туралы өз алаңдаушылығын білдіреді.

Қазақстан Республикасы билігін 1951 жылғы босқындар мәртебесі туралы Конвенцияның нормаларында да, Қазақстан Республикасының босқындар туралы Ұлттық Заңында да қарастырылған Қастер Мұсақанұлы мен Мұрагер Әлімұлына қатысты баспана беру мәселелерін қарау жөніндегі барлық рәсімдерді сақтауға шақырамыз.

 

 


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз