• Басты
  • >
  • Белсенді Ағаділдің өлімі бойынша қылмыстық іс тоқтатылды

Белсенді Ағаділдің өлімі бойынша қылмыстық іс тоқтатылды

29.05.2020

Белсенді Дулат Ағаділдің өлімі бойынша қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл жөнінде Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасы хабарлады. 

«Тәжірибелі сот-медицина сарапшылары мен жоғары санаттағы кардиологтардан құралған комиссия Ағаділ өлімінің себептерін мұқият зерттеді. Ағаділдің жақын туыстарының өтініші бойынша комиссияға енген сарапшылар да бар. Олардың анықтауынша, Ағаділдің өліміне жүрек ауруларының асқынуы себеп болған», – делінген хабарламада.

Прокуратура мәліметінше, комиссия мүшелері Ағаділ денесінен жарақат таппаған.

«Осыған орай қылмыстық құрамы жоқ болғандықтан 25 мамырда Ағаділ өлімі бойынша қылмыстық іс тоқтатылды» делінген мәлімдемеде.

Дулат Ағаділдің анасы Азаттық радиосының тілшісіне қылмыстық істің тоқтағанын білмейтінін айтқан. 

Биыл 24 ақпанда түнде қарапайым киімдегі бірнеше адам үйінен әкеткен 44 жастағы белсенді Дулат Ағаділ ертесіне Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында белгісіз жағдайда көз жұмды. Ішкі істер министрлігі белсендінің «жүрек талмасынан» қайтыс болғанын хабарлады.

27 ақпанда әлеуметтік желіде тараған Ағаділ мәйітінің видеосында оны түсірген адам марқұмның денесінде көгерген іздер барын айтады. Кейінірек жергілікті прокуратура «видео интернетке белсендінің туыстарының рұқсатынсыз жарияланды, денедегі дақтар – биологиялық өлім белгілері» деп мәлімдеген.

Дулат Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында өткен наразылық акцияларына қатысушылар белсендінің қазасына билікті кінәлады.

28 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді Дулат Ағаділ «жүрек талмасынан қайтыс болды» деп мәлімдеген. Ресми сараптама қорытындысы шықпай тұрып айтылған бұл тұжырымды қоғам өкілдері сынаған.


Сондай-ақ қараңыз