• Басты
  • >
  • Ақтөбе облыстық соты белсендінің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады

Ақтөбе облыстық соты белсендінің апелляциялық шағымын қанағаттандырмады

18.03.2020

Ақтөбе облыстық соты 1 наурызда көшеден кетіп бара жатқан жерінен ұсталып, он күнге қамалған белсенді Әлібек Молдиннің апелляциялық шағымын қанағаттандырмай тастады. “Полиция талабына бағынбады” деп айыпталған Молдин облыстық соттан бірінші инстанциядағы сот шешімінің күшін жоюды сұраған еді.

«17 наурыз күні Ақтөбе облыстық соты шағымымды қанағаттандырмай тастады. Полиция мені әйеліммен бірге қонаққа кетіп бара жатқан жерімнен ұстаған болатын. Облыстық сот та, алғашқы инстанция да сөзіме құлақ аспады. Карантиннің сылтауымен маған қолдау көрсетуге келген белсенділерді сот залына кіргізбеді», – дейді Әлібек Молдин.

Әлібек Молдинге қатысты 1 наурыз күнгі әкімшілік сот қаулысы өзгеріссіз қалғанын Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі де растады.

Соттың мәліметінше, әкімшілік құқық бұзушылықты бір жыл ішінде қайталап жасағандықтан Молдин 1 наурызда он тәулікке қамалған.

Белсенді Молдин 2016 жылғы жер митингілері, 2019 жылы биліктен әділ сайлау өткізуді талап еткен наразылық шараларына, Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы акцияларға қатысқан. Былтыр ол “бейбіт митинг өткізу заңын бұзды” деп төрт рет әкімшілік жауапқа тартылған.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз