• Басты
  • >
  • Адам құқықтарына байланысты ақпараттар тізбегі

Адам құқықтарына байланысты ақпараттар тізбегі

18.05.2020

Қазақстан Республикасы бойынша өткен аптадағы адам құқықтарына қатысты ақпараттар тізімі.

СОТ «ҚДТ-ҒА ҚАТЫСЫ БАР» ДЕП АЙЫПТАЛҒАН БЛОГЕР БАЙКЕНОВТЫҢ БАС БОСТАНДЫҒЫН ШЕКТЕДІ

Петропавл қалалық соты «тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деп айыпталған блогер Азамат Байкеновтің бас бостандығын бір жылға шектеді. Бұған қоса, блогерді 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (шамамен 27 мың теңге немесе 65 доллар) өтемақы төлеуге міндеттеді.

АҚТӨБЕДЕ БЕЛСЕНДІ СЕРІК ОРАЗОВ ҚАЙТЫС БОЛДЫ

Ақтөбеде белсенді Серік Оразов 69 жасына қараған шағында қайтыс болды. Белсендінің туысы Марат Таңбаевтың айтуынша, Серік Оразов 15 мамыр күні сағат түскі 12 шамасында өзі тұратын көп қабатты үйдің ауласында полиция қызметкерімен сөзге келіп, жұлқысқан соң біраз уақыттан кейін қайтыс болған. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Серік Оразовтың қазасынан хабардар екенін мәлімдеді және бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігі бойынша («Билікті немесе лауазымдық өкілетін асыра пайдалану») сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

АПЕЛЛЯЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМЫН ТІРКЕТЕ АЛМАЙ ЖҮРГЕН АЛМАТЫЛЫҚ ПИКЕТ ӨТКІЗДІ

Мамырдың 15-і күні белсенді Юрий Маленьких әкімшілік сот ғимараты алдында жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол өзіне қатысты сәуір айында шыққан сот қаулысына қарсылығын білдіріп, апелляциялық шағым түсіргенімен, бір айдан аса уақыттан бері оны тіркемей отырған сотқа наразылығын жеткізді.

АҚТӨБЕ СОТЫ БЕЛСЕНДІ МОЛДИННІҢ ҮСТІНЕН ШАҒЫМ ТҮСІРГЕН АНАЛАР ӨТІНІШІН ҚАНАҒАТТАНДЫРДЫ

13 мамыр күні N3 Ақтөбе қалалық соты жергілікті белсенді Әлібек Молдинді оны сотқа берген көп балалы бес ананың әрқайсына 5 мың теңгеден моральдық өтемақы өндіріп, әлеуметтік желіде кешірім сұрауға міндеттеген. Соттың мәліметінше, Молдинді «ар-намыс, қадір-қасиетімізге кір келтіретін сөз айтты» деп айыптаған әйелдер әрқайсына 100 мың теңгеден моральдық өтемақы өндіріп, белсендінің әлеуметтік желілер арқылы кешірім сұрауын талап еткен.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА ӘКІМДІК АЛДЫНДА ВИДЕО ТҮСІРГЕН ӘЙЕЛГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

14 мамырда Қызылорда облысы Шиелі аудандық соты жергілікті әкімдік алдында сауда жасағандарды видеоға түсірген тұрғын Гүлзинат Сағындықованы Әкімшілік кодекстің 434-бабы «ұсақ бұзақылық» бойынша кінәлі деп тауып, 13 мың теңге көлемінде (шамамен 32 доллар) айыппұл салды. Судья үш баласы бар Сағындықованың отбасы жағдайын ескеріп, айыппұлдың 30 пайызын шегергенін айтты. Жауапкер сот шешімімен келіспейді.