• Басты
  • >
  • Бала тағдырына жауапкершілік күні

Бала тағдырына жауапкершілік күні

01.06.2019

1 маусым – балаларды қорғау күні. Бұл ең көне халықаралық мейрамдардың бірі. Бұл мейрамның атап өтілгеніне міне, 70 жыл толды. Қазақстан ҮЕҰ «Бала құқығын қорғау» коалициясы осы ұйым басшысының орынбасары және Қазақстан халықаралық адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы директорының орынбасары Роза Ақылбекова және «Балалар қоры» ұйымының басшысы Эльвира Ватлина елдегі балалардың жағдайы туралы айтып берді. Өкінішке қарай, жағдай мәз емес.

«Біздің жұмыс тобы 2002 жылдан бері қызмет етеді. Бастапқыда біз елдегі балалар құқығына байланысты мониторинг жүргізіп, БҰҰ Комитетіне балама баяндама жазамыз деп жиналған едік. Біз баяндаманы дайындап, мемлекетке барлық мәліметті беріп, сонымен жұмысты тоқтатамыз деп ойлаған едік. Өкінішке қарай, жұмыс тобы әлі де қызметін жалғастыруға мәжбүр. Біздің жқмысымыз балалар құқығын қорғау, олардың мүддесін ойластыру болып табылады. Бұл мемлекетке де керек шаруа. Қазақстан осы күнге қандай нәтижемен келгеніне тоқталайын. 2016 жылы елде бала құқығы омбудсмені институты құрылды. Міне, оның екінші басшысы ауысып отыр, бірақ жұмысы париждік ұстанымдар мен халықаралық стандарттарға сай емес. Институттықаржылық мүмкіндіктері жоқ және ол көмекті қажет ететін барлық баланың құқығын қорғай алмайды», – деді Ақылбекова.

Сонымен бірге, Роза Мақсатбекқызы бала құқығын қорғау ісіндегі жағымды жаңалықтармен де бөлісті. Мысалы, биылдан бастап заңдық негізде Ұлттық алдын алу механизмінің құзіреті кеңейтілді.

 «Меніңше, бүгін балалар үшін жауапкершілік күні. Біз балаларды қаншалықты қорғай алдық, балалар өз армандарына жету үшін біз қаншалықты еңбек еттік деген сұрақтарға жауап іздейтін күн. Өкінішке қарай, проблема өте көп. 2021 жылы Қазақстан балалар құқығын қаншалықты қорғап отырғаны жөнінде және халықаралық ұйымдардың кеңесін орындағаны туралы БҰҰ Комитетіне баяндама дайындайды. Ондай кеңес аз болған жоқ: 67 пункт болды», – деді «Балалар қорының» директоры Эльвира Ватлина.

Ол да өз кезегінде бұл саладағы оң өзгерістерді тілге тиек етті. «Әрине, біз бірқатар жақсылықтар туралы да айтуымыз керек. Біз балама баяндамада атап өткен кемшіліктер қазір біртіндеп түзеліп келеді», – деді құқық қорғаушы.

Баспасөз мәслихатында үлкендердің салғырттығы салдарынан балаларынан айрылып қалған ата-аналар да болды.

Росина Павлова баласын «Достар Мед» клиникасында жоғалтты. Операциядан соң дәрігерлер баланың қайтыс болғанын жеткізіп, оны бірден ата-ананың рұқсатынсыз моргке алып кеткен. Осы себепті, ол баласының денесін өзі алып, оған экспертиза жасатуға мәжбүр болған. «Біздің қолымызда екі экспертиза нәтижесі тұр: екеуі де бала өлімі дәрігерлердің қатесінен болғанын дәлелдейді. Дәрігер –анестезиолог бала ағзасы көтере алмайтын дәрілерді шектен көп салған. Бірақ, бізге белгісіз себептермен қылмыстық іс қозғалмай тұр», – дейді анасы.

Александр Пылаев бір ай бұрын алты жасар қызынан айрылған. Елизавета Пылаева 12 мамыр күні қайтыс болды. Қыздың әке-шешесі бес жыл бұрын ажырасып кеткен. Қыздың әкесінің айтуынша, бала 9 мамырдан бері анасының қолында болған. 12 мамыр күні оған қызы ауруханада жатыр деген хабар келеді. «Оны 12 ауруханының реанимациясына жеткізген. Оның омыртқасы сынып кеткен. Осының салдарынан қыз қайтыс болған. Дәрігерлердің айтуынша, баланың ауруханаға өлі денесі жеткізілген. Егер бала тірі болмаса, оған несіне түрлі егу процедуралары жасалғанын сұрадым. Олар «дәрігерлер не айтса, соны істедік» деп жауап берді. Бірақ бала тірі болмаған дейді. Тексере келе, бала ауруханаға биологиялық өлім кезінде жеткізілген. Қызым тап таза болған, үстінде кір де жоқ, қан да жоқ, тіпті шөптің ізі жоқ. Ал денесінде жарақаттар болған», – дейді қайтыс болған қыздың әкесі Пылаев.

Алдымен қыздың әкесіне оның үстіне үлкен мүсін құлады деген. Кейіннен қыздың туыстары басқа себептерді айтқан. Александр Пылаев бұл істің анық-қанығын тексермекші.

Баспасөз мәслихатында ол әйелінің органдарда қызмет ететін туысын тілге тиек етіп, сол адам тергеудің әділ жүруіне кедергі келтіруде деген ойда екенін жеткізді.

Баспасөз мәслихатында коалиция өкілдері бұл істерді өздерінің жеке қадағалауына алғанын және ата-аналарға бар көмегін беретінін мәлімдеді.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз