• Басты
  • >
  • Жезқазғанды «Арнатовский» тобы билеп тұрғаны рас па?

Жезқазғанды «Арнатовский» тобы билеп тұрғаны рас па?

12.03.2025

Айуандықпен кісі өлтірген он екі адам «абайсызда» қылмыс жасады деп құтылып кетті  

«Арнатовский» деп аталатын қылмыстық топтың мүшелері бауырымызды өлтірді» деп Жезқазғаннан келген Саят Ислам мен Қайсар Әбіғалел Ұлытау облысында болып жатқан заңсыздықты жіпке тізгендей етіп айтып берді. 

Олардың айтуынша, 12 адам жабылып, олардың туған бауыры – Медет Исламды қасақана өлтірген. Өлтіргенде де, пышақтап, бөтелкемен ұрып, әбден қинаған. Осының бәрін Жезқазғанда, қаланың ішінде жасаған. «Полиция қызметкерлері қылмысты ашудың орнына, бұлардың істегенін жасырып отыр» деп шағымданды баспасөз мәслихатында сөйлегендер.  

Алдымен сөз алған жәбірленушілердің заңды өкілі Инга Иманбай былай деді «Медет Исламның бауырлары келіп отыр осында. Ол Жезқазғанда соққыға жығылып, өлтірілген деп айтуға толық негіз бар. Бұл қылмыстық істі қайта қарау керек деп санаймыз. 12 адам бір адамға жабылып, оны ұрып, пышақтап өлтірген. Бірақ соттың үкіміне сәйкес, бұл қазаны «абайсызда адам өлтірді» деп шығарған. Бұл сұмдық жағдай емес пе. 12 адамнан бір адам ғана тоғыз жылға сотталды. Тағы екі адам аз ғана жылға сотталды, қазір олар бостандыққа шығуға дайындалып жатыр. Үш адамды сот залынан босатты. Ал қалған алты адамды тіпті жауапқа да тартпаған. Бұл іс бойынша біз Бас прокуратураға шағымданбақ ойымыз бар. Қаншама заңсыздықтар болып жатыр». 

Медет Исламның ағасы Саят Ислам былай деді: «Жезқазған қаласынан келіп отырмыз. 2023 жылы 17 қыркүйекте кешкі уақытта менің бауырымды 12 адам жабылып жүріп қасақана өлтірген. Қазір біз әділдік іздеп жүрміз. Ұлытау облысының полиция қызметкерлері шындықты ашпай отыр. Әділдік іздемей отыр. Бір адамды ғана тоғыз жылға соттады. Екі адамды екі жылға соттады. Тоғыз жылға сотталған адам бір өзі кінәні мойнына алды. Ал екі жылға сотталған адамдар бұрын кісі өлтіргені үшін жазасын өтеп келгендер. Сотта әділдік таппадық. Көптеген заңсыздықтар болды. Қорғаушы жалдадық. Бірақ, ол қорғаушы сотқа қатыспай, процестен қашып кетті. Әділдік іздеп қазір Алматыға келіп отырмыз. Не үшін өлтірді деген сұрақ туындайды. Оны полиция қызметкерлері ашып, айтпай отыр. Қылмысты тергеп жатқан жоқ. Сотта да қылмыстың мән жайы ашылмады. Куәгерлерге де қысым жасалды. Олар да сот процесінде шындықты айта алмады. Сараптама нәтижесі де жалған жасалған деп ойлаймыз. 

Жәбірленуші ретінде мені тек үш айдан кейін ғана таныды. Бірақ, материалдармен де дұрыс таныспадық. Түрлі сылтаулар айтып, қылмыстық іспен толық таныстырмады да. Қорғаушылар сотқа келгенде тайқып кетті. Алғашқы қорғаушы ешқандай мәлімет бермей қойды. Тіпті телефонын да көтермеді. Төрт айдан кейін бізді тергеуге шақырды. Сараптамада пышақты көрсетті. Ол жерде басқа бір әйелдің саусақ іздері табылған. Сол сараптамамен келісемін деп қол қой деді жаңағы қорғаушымыз. Содан кейін біз одан бас тарттық. Екінші қорғаушымыз да уәдені үйіп төгіп, соңында бізден қашып кетті. Процестерге келмей қойды тіпті. Бірде бір сот процесіне қатыспады». 

Баспасөз мәслихатында Сапаров Ержан деген азаматтың қаза болған Медет Исламды шайға шақырғаны белгілі болды. Туыстары Медетті әдейі шақырды деп күдіктенеді. Себебі, дәл осы кездесуге келе жатқанда оған он екі кісі жабылып, өлтірген. Жаңағы адамдар дайын отырған қылмысқа. Себебі, Медет кафеге кірген кезде жаңағы кісілердің біреуі қару әкелуге кеткен. Алдын ала дайындалып, адамдарды жинай бастады. Содан кейін Медет Исламды далаға шығарады. Сол кезде оған қару кезеніп, қолдарында пышақ барын көрсетеді. Жай ғана әңгімеге шақырған адамдар Медетке жабыла кетеді. Алдымен пышақ тығады. Одан кейін оны бөтелкемен, басқа да заттармен ұрып соға бастайды. Қылмыс орнына полиция қызметкерлері де келген. Бірақ, олар қылмыскерлерді ұстаудың орнына, оларды босатып жібереді. Полицияға Сапаров Ержанды ғана әкетеді. Ол жауабында «жабылған адамдарды танымаймын» деп жауап береді. Бірақ, видеодан Ержанның қылмыстық топ өкілдерімен амандасып, сөйлесіп жүргенін байқайды Медеттің туыстары. 

Медет Исламның туыстарының сөзіне қарағанда, бұл қылмыстық топ Жезқазғанды түгел жаулап алған. Олардың түрлі мемлекеттік құрылымдарда адамдары отыр дейді. Шенділермен жақын қарым қатынаста деп мәлімдеді. Медетті кафеге алып шыққан Сапаров Ержанды спорт саласындағы бір қызметке орналастырды, дейді туыстары. Астанадан пәтер де сатып әперген. 

Қаза болған Медеттің өзі қарапайым жұмысшы болып еңбек еткен. Бұрын сотталмаған. Қылмыстық топтарға қатысы болмаған. Оны не себепті өлтіргенін туыстары білмей отыр. Туыстарының сөзінше, қылмыстың жай жапсарын Сапаров Ержан біледі. Бірақ, ол шындықты айтпай отыр. 

Нақты пышақтап өлтірген адам Балтабай Азамат деп көрсетті Саят Ислам. Бірақ, бұл адам жай ғана «бұзақылық» бабымен екі жылға сотталған. Ал Балтабай Азаматтың өзі кісі өлтіру бабымен бұрын сотталған. 

Қайсар Әбдіғалел бұған қоса мынадай сұмдықтың бетін ашты: «Оқиға орнынан видео кадрларды көру үшін кафенің иесіне бардым. Оның айтуынша, оған полиция қызметкерлері келіп, видеолардың бәрін көшіріп әкеткенін айтады. Серверде барлық кадрлар бар, бірақ дәл қылмыс болып жатқан уақыттағы видеолар болмай шықты. Бұл видеоларды Сабыржан Сейітжанов деген полиция қызметкері алып кетті. Облыстық полиция департаментінде отырған кезде Сейітжанов маған «барлық видео біздің қолымызда бар, оған қоса патрульдік қызметкерлердің жетондарына түскен кадрлар да сақтаулы» деген еді. Артынан, бірде бір видео болмай шықты. Сонда полиция қызметкерлерінің өзі видеоларды жасырып отыр ма? Бізде сондай күдік туындайды. 

Төрт-бес куәгерді таптық. Не болғанын бәрін айтып берді олар. Бірақ, тергеушілер бұлардың куәліктерін қабылдамай тастады. Ешқандай себепсіз. Әйтпесе, олар бәрін айтып отыр. Бұлардың куәліктерін біз жазып та алдық. Сол кафеде даяшы болып жұмыс істейтін жігіт оқиға орнында не көргенін түгел айтып берді. Сотқа келгенде, бұл сөздерінен айнып кетті. Біздіңше, бұларды қорқытты. Мүмкін, қаржы да берген болар. Бірақ, сот бұл сұрақты ашық қоймады куәгерлерге. 

Жезқазғанда бұл қылмыстық топты «Арнатовский» деп атайды. Сондай атпен белгілі ел ішінде. Барлық мемлекеттік сатып алуды осы топ алады. Түгелдей соны бақылайды деп айтуға болады. Қаржының бәрі осылардың қолында. Сондықтан, ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Оларды қылмыстық жауапкершілікке де тартты. 13 шақырым құбырды дұрыс салмады деп. Бірақ, жазадан құтылып кетті. Алғашқыда мемлекетке келтірілген шығын 288 миллион теңге деді. Кейін бұл шығынды небәрі 1 миллион теңгеге түсіріп тастады. Әкімдіктің бірқатар қызметкерлері аз ғана жылға сотталды».