• Басты
  • >
  • Жанболат Ағаділдің қазасы: Алматыда белсенділер қаралы жиын өткізді

Жанболат Ағаділдің қазасы: Алматыда белсенділер қаралы жиын өткізді

13.11.2020

Алматыда Жанболат Ағаділдің қазасына байланысты қаралы жиын өтті. Оған журналист Ермұрат Бапи, құқық қорғаушы Маржан Аспандиярова, тарихы Есенғозы Қуандық және өзге де саяси белсенділер қатысты. Жиын Шоқан Уалиханов алаңында болды.

Жиын барысында белсенділер Дулат Ағаділ мен Жанболат Ағаділдің қазасына билікті кінәлады. Олар белсенділерді қудалау әлі күнге дейін жалғасып жатқанын айтты. Қалалық қоғамдық даму басқармасының өкілі Айдар Есенбеков белсенділердің қаралы жиын өткізгені заңсыз екенін, діни рәсімдердің арнайы орындарда өтуі тиіс екенін айтты.

«Бүгін сіздер қайғы деп жиналып отырсыздар, бірақ оның заңды тәртібі бар. ҚМДБ кеше діни рәсімдер өткізу тәртібіне байланысты ескерту жасады. Ол үйде, мейрамханада, мешітте өтеді. Бұндай алаңдарда өтуге рұқсат жоқ. Заң бойынша, сіздер бұндай шара өткізу үшін алдын ала ескертулердіңіз керек. Сондықтан бұл шараларыңыз заңсыз», – деді Есенбеков.

Бұдан бөлек, Айдар Есенбеков белсенділерді тәртіпке бағынбаған жағдайда тиісті жауапкершілікке тартыласыздар деп ескертті. Бірақ белсенділер  кеше осындай шараның өтетіндікі туралы ескерту жасалғанын, бұл митинг емес, қаралы жиын екенін айтып, тараудан бас тартты.

Бүгін Ақмола облысы Талапкер ауылында Жанболат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. БАҚ өкілдерінің мәліметінше, оған 200-ге жуық адам қатысқан.

Осыдан бірнеше күн бұрын саяси белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ астана маңындағы Көктал ықшам ауданында болған төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, мерт болған. Кеше ішкі істер министрлігі «Ағаділдің өліміне қатысы бар барлық күдіктілер ұсталғанын» мәлімдеген. Бірақ саяси белсенділер қылысқа қатысты ресми органдар таратқан ақпаратқа сенбейді. Олар Жанболат Ағаділ қазасының саяси астары бар деп есептейді.

Ақпанда Нұр-Сұлтан қаласындағы тергеу изоляторында саяси белсенді Дулат Ағаділ жұмбақ жағдайда көз жұмған. Ол кезде ІІМ «Ағаділ жүрек талмасынан қайтыс болды» деп мәлімдеген. Кейіннен Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер наразылық митингісін өткізіп, қудалауды тоқтатуды талап еткен.