Сәтбаев қаласында бес жасар қызды ұрлап әкетіп, зорлады деп айыпталған ер адам тергеу изоляторында қайтыс болды.
Қарағанды қаласындағы тергеу изоляторында ер адамның асылып қалғаны жөніндегі ақпарат «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «Патриот Қарағанды» парақшасында жариялады. Кейіннен облыстық қылмыстық атқару департаменті аталмыш ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасады.
«6 қазанда Қарағанды тергеу изоляторында кішкентай қызды зорлағаны үшін қамауға алынған күдіктінің денесі табылды. Келген жедел медициналық жәрдем бригадасы оның қайтыс болғанын анықтады. Болжам бойынша бұл – суицид. Тексеру кезінде қайтыс болған адамның денесінде қандай да бір дене жарақаттары анықталған жоқ. Осы дерек сотқа дейінгі бірыңғай тергеу реестріне тіркелді. ҚАЖ департаменті қызметтік тексеру тағайындады», – делінген ҚАЖ баспасөз қызметі жариялаған мәлімдемеде.
Шілде айында Сәтбаев қаласының тұрғындары бес жасар қызды зорлады деген күдіктіні сотсыз жазаламақ болып, оның үйіне басып кірмек болған. Кейіннен күдіктіні полиция Қарағанды қаласына алып кеткен.