23 ақпанда Қапшағай қалалық соты құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған Алмат Жұмағұловтың жазаның қалған бөлігін бостандықты шектеуге ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы Жұмағұловтың туыстары мен сотқа қатысқан қоғам белсенділері хабарлады.
“Саяси тұтқындар” Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловты қорғау комитетінің өкілі, қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбайұлының айтуынша, сейсенбі күні сот процесі белгіленген мерзімнен ерте басталып, Жұмағұловты қолдап барған 7-8 адам тек шешімнің оқылуына ғана кіре алған.
«Судья Жұмағұловтың екі мақтау қағазы, төрт марапаты, екінші оң дәрежелі жағымды сипаты оны қамаудан шығару үшін жеткіліксіз деп тапты. Бұрынғы сотталғандардан білеміз: тіпті екі марапатымен ғана шыққан адамдар бар. Алматтың өзі шешімді түсіндіруді сұраған кезде судья солай деп жауап беріп, “оны босатуды мен шешемін” деді. Судьяның “мен шешемін” дегенінің өзі көп нәрсені аңғартады. “Маған осындай тапсырма берілді, мен осылай шешемін” деген сияқты көрінді. Ол заңға сілтеме жасап, мысалы, төрт емес – 10 немесе 100 марапат керек деп көрсетілген деп кесімді жауап беруі керек еді. Ертең айталық, ол 9 марапат алады, ол тағы да жеткіліксіз деп айтуы мүмкін ғой. Бұл жерде заңның өзі де судья қалай шешсе, солай болатындай қылып мүмкіндік беріп қойған», – деді Рысбек Сәрсенбайұлы.
Былтыр жазда Алмат Жұмағұлов жазаны жеңілдету туралы алғаш рет өтініш берген кезде оны шартты бостандыққа шығаруға қарсы болған прокурор белсендінің марапаты аз екенін алға тартқан еді.
Сот процесіне Алмат Жұмағұлов Заречный кентіндегі жалпы режимдегі ЛА-155/14 колониясынан видеобайланыс арқылы қатысқан. Туыстары шешімді апелляцияға беретінін айтады.
Алмат Жұмағұловтың әйелі Әсел Бақытбекқызының айтуынша, ол соңғы рет күйеуін былтыр қазан айында көрген. Жұмағұловтың асқазанында жара барын айтқан әйелі күйеуінің денсаулығына алаңдайтынын да білдірді. “Шығамын деп үміттенген еді. Бірақ болмады” деді ол.
“Жиһадшылар ісі” бойынша жауапқа тартылған Алмат Жұмағұлов 2018 жылғы 21 желтоқсанда Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының үкімімен сегіз жылға сотталған. Ол “терроризмді насихаттады”, “ұлтаралық араздық қоздырды” деп айыпталған. Осы іс бойынша сотталған 52 жастағы Кенжебек Әбішевтің де жақында түсірген мерзімінен ерте босап шығу туралы өтініші қанағаттандырылмаған еді.
Құқық қорғаушылар екеуін де “саяси тұтқын” деп атаған.