2 наурыз күні Шымкенттегі Қаратау аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты “Ұрлық” бабымен күдікке ілінген төрт адамның ісін қарай бастады. Іске тартылып жатқан Дастан Төребай, Құдайберген Рахым, Бекжан Жабақ және Әбдікәрім Жанболат 6 қаңтарға қараған түні сауда үйінен шоколад, кеспе, алма, сусын сияқты заттарды ұрлады деген күдікке ілінген. Айыпталғандардың жасы – 21 жаста.
Айыпталушылардың адвокаты күдіктілер тағылған айыпты мойындайтынын, шын өкінетінін айтады.
Төребай, Рахым және Жанболаттың адвокаты Заманбек Керімнің сөзінше, ұрланған шоколадтар олардың жалдап тұрған пәтерінен табылған.
– Митингіге қатыспаған. Сауда орталығы ашық тұрған соң кірген. Кірген кезде ештеңені сындырмаған, ешкімді ұрмаған. Заттарды ұрлағанын мойындайды. Айыптары видеомен дәлелденген. Куәлер жоқ, – дейді адвокат.
Айыпталушылар әуелі сот санкциясымен екі айға қамалған. Кейіннен кепілмен босатылған.
Сараптама 4 айыпталушы сауда үйіне 202 мың теңге материалдық шығын келтірді деп бағалаған.
Шымкентте 4 қаңтар күні наразылар бейбіт митингіге шықты. Куәлердің айтуынша, 5 қаңтардан 6 қаңтарға қараған түні наразыларға оқ атылды. Осы түні наразылық өткен қала әкімдігі алдындағы алаңға жақын орналасқан “Метро” сауда үйі бүлігіп, тоналды.
Қаңтар көтерілісіне байланысты 86 адамға қылмыстық іс қозғалып, екі айға қамау туралы сот қаулысы шыққан. Қазір олардың елуге жуығы қамауда, қалғаны бұлтартпау амалымен қамаудан босатылған.
Шымкентте ресми дерек бойынша қаңтар оқиғасы кезінде 19 адам қайтыс болды, жүзден аса адам жараланды.