• Басты
  • >
  • Қызылорда полициясы белсендіні "суицидке итермелеу" бабы бойынша іс қозғады

Қызылорда полициясы белсендіні “суицидке итермелеу” бабы бойынша іс қозғады

02.04.2021

Қызылорда облыстық полиция департаменті ЗК-169/1 тергеу изоляторында жарақаттанып, ауруханаға түскен белсенді Мұратбай Баймағамбетовтің жағдайына қатысты түсініктеме берді.

2 сәуір түсте Азаттыққа жолдаған жазбаша жауабында полиция Баймағамбетовтің “сот тергеуіне наразылық білдіріп, өз-өзіне дене жарақатын салғанын” жазған.

“Бұл факт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай реестріне тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 105-бап 1-бөлігімен (“Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу”) тергеп-тексеру амалдары басталды. Тиісті сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр” делінген полиция хабарламасында.

“Тыйым салынған ұйымның ісіне қатысы бар” деп күдікке ілініп, жеті айдан бері Қызылордадағы тергеу изоляторында отырған белсенді Мұратбай Баймағамбетовтің ауруханаға түскені жайлы хабар 1 сәуірде кешке тараған. Жақтастары “Баймағамбетов өз-өзіне қол салуға тырысты” деген полиция ақпаратына сенбейді. Олар билікті сынап, азаматтық позициясын ашық айтып жүрген белсендіге изоляторда қысым жасалуы мүмкін деп болжаған.

Азаттық тілшісі әлеуметтік желіде тараған “белсендіні ұрып-соғуы мүмкін” деген болжам жөнінде де полициядан сұраған. Бірақ олар жазбаша жауапта оған тоқталмаған.

2 наурызда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина омбудсмен Эльвира Әзімовадан белсендімен кездесіп, тергеу изоляторында болған төтенше жағдайдың мән-жайын анықтауды сұраған. Азаттыққа берген жауабында омбудсмен Эльвира Әзімова белсендінің жарақаттануына қатысты ешқандай ақпарат түспегенін айтқан.

“Тәжірибе бойынша Қызылордада ұлттық привентивті механизм бар. Олар бүгін-ертең сол жаққа барып, тексеріп, содан кейін түсінікті болады. Сондықтан басқа ешқандай комментарий бере алмаймыз” деді ол.

Мұратбай Баймағамбетов Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысын қолдағаны үшін істі болған. (Бұл қозғалысты Нұр-Сұлтан соты “экстремистік ұйым” деп танығанмен Еуропарламент “бейбіт оппозициялық ұйым” деп атаған). Жергілікті белсенділердің айтуынша, оның сотының аяқталуына аз қалған.

Ол билікті сынағаны үшін талай рет әкімшілік жазаға тартылған. Қызылордада жолақысын 50 пайызға арзандатуды және бензин бағасын төмендетуді, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп, пикет өткізген.

Былтыр құқық қорғаушылар Мұратбай Баймағамбетовтің саяси себеппен қудаланып жатқанын айтып, “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан.


Сондай-ақ қараңыз