Құқық қорғаушылар саяси тұтқындарға медициналық көмек көрсетуді талап етті
  • Басты
  • >
  • Құқық қорғаушылар саяси тұтқындарға медициналық көмек көрсетуді талап етті

Құқық қорғаушылар саяси тұтқындарға медициналық көмек көрсетуді талап етті

26.10.2025

Қорғаушыларының айтуынша, Думан Мұхамедкәрім мен Әйгерім Тілеужанның денсаулығы нашарлап барады

Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросында баспасөз мәслихаты өтіп, онда құқық қорғаушылар мен заңгерлер саяси тұтқындардың денсаулығына алаңдаушылық білдірді. Баспасөз жиынына Думан Мұхамедкәрімнің қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов, журналистің әкесі Алмас Тілепов, Әйгерім Тілеужанның қорғаушысы Айнара Айдарханов және құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина қатысты. 

Алғаш болып сөз алған Бақытжан Төреғожина былай деді: «Күні кеше Қылмыстық атқару жүйесі Комитетінен хат алдық. Олар Думан Мұхамедкәрімді тұрғылықты жеріне жақын, яғни Алматы облысына жазасын өтеуге ауыстыра алмайтынын жазды. Себебі – Думан үшінші рет тәртіптік жазаға тартылды. Одан бөлек, Думаннан оның камерасындағы жарылысқа байланысты хат алдық. Журналистің айтуынша, түрме әкімшілігі оған қысым көрсетіп, егер істі одан әрі тергеуді талап етсе, оның үстінен «жалған мәлімет беру» бойынша іс қозғалатынын ескерткен. Қылмыстық атқару жүйесінде мұндай тәжірибе болды. Ержан Елшібаевтың үстінен де қосымша қылмыстық іс қозғалып, оның мерзіміне тағы да 3,5 жыл қосып берген еді. Думан ешқандай да қылмыскер емес. Ол өтірік айтады дегенге сенбейміз. Қайта түрме әкімшілігіне сенбейміз».

Төреғожинаның айтуынша, Думан Мұхамедкәрімге қазір шұғыл медициналық көмек керек. Құқық қорғаушы Денсаулық сақтау министрлігіне арыз жазған. Бірақ, қазір түрме қызметкерлерінің саны күрт азайған. Сол себепті, Думанды ауруханаға жатқызуға күзет жетіспейді деп отыр. Сол сияқты Әйгерім Тілеужанның да денсаулығы нашар болып тұр. Бір жарым ай бұрын Төреғожина Тілеужанға түрмеге барған. Ол кезде аздаған жара шыққанын айтқан еді. Бірақ, қазір сол жарасы асқынып тұр. Денсаулығы жақсы емес. Түрмеде отырған азаматтарға медициналық көмек көрсетілу керек. 

Одан кейін сөйлеген Ғалым Нұрпейісов былай деді: «Думанға өткен аптада кіріп шықтым. Оның көңіл күйі түспеген, қайсар азамат. Қызылорда қылмыстық атқару жүйесі департаментінде Зиябеков деген қызметкер бар. Ол Думанның денсаулығына қатысты жалған ақпарат таратуда. Оның айтуынша, Думанның денсаулығы жақсы, оған тиісті медициналық көмек көрсетілуде. Бірақ, шын мәнінде мүлде олай емес. Өткен аптада барған кезімде түрме басшылығы оны Қызылорда ауруханасына жатқызады деген еді. Дүйсенбі күні оны расында да ауруханаға әкелген. Бірақ, біздің мәліметімізге қарағанда, журналисті ауруханаға жатқызбады. Қаратып, одан кейін қайта түрмеге әкеткен. Ол қазір карцерде отыр. Барғалы бері сол жерде отыр. Камера іші суық. Думанға салқын тиген. Оған медициналық көмек керек екені сөзсіз. Думанның жазған хаттарының барлығын қолымызға тигізе алмай отырмыз. Кейбір хаттары түрмеден шықпайды. Жоғалып кетеді. Бұл да Думанның құқығын шектеу екені сөзсіз». 

Қорғаушының айтуынша, заңға сәйкес, Думан Мұхамедкәрім үйіне жақын жерде жазасын өтеу керек. Бірақ, он үш бірдей ескерту алғандықтан, оны ауыстырмай отыр. Бірақ, сол он үш ескертудің біреуіне ғана Думан келіседі. Яғни, журналист роба киюден бас тартуда. Қалғандары түрме әкімшілігінің арандатуы деп бағалап отыр Думан Мұхамедкәрім. Мұның бәрін не үшін жасап отыр? Қатаң режимде жазасын өтейтін мекемеге ауыстыру үшін. Енді Думан Мұхамедкәрім әрбір айдың 30 күні аштық жарияламақ бірнеше күнге. Бұл да наразылық білдірудің формасы ретінде қабылдануы керек дейді журналист. 

Ғалым Нұрпейісов өзінің де қорғаушы ретінде құқығы бұзылғанын атап өтті. Думан Мұхамедкәрімге кіргізбестен бұрын оны ұзақ тексерістен өткізеді. Сағаттап түрменің босағасында тұруға мәжбүр. Түрме әкімшілігі «қорғаушыға орын жетпей жатыр» деп сылтауратады дейді Ғалым Нұрпейісов. 

Әйгерім Тілеужанның қорғаушысы Айнара Айдарханова былай деді: «13 қазан күні Әйгерім өзіне медициналық көмек көрсетілмей жатқанын айтты. Жеті ай бойы оған ешқандай емдеу жасамаған. Кіп кішкентай жарасы өсіп, үлкейіп кеткен. Осы жеті ай ішінде оның денсаулық жағдайы нашарлап кетті. Әйгерімді ауруханаға апарады. Бірақ, одан ешқандай нәтиже жоқ. Жағдайы жақсармады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне, Адам құқығын қорғау уәкіліне шағым жолдадық. Алайда, бұған мән беріп отырған жоқ. Әйгерімді ауруханаға жатқызуға еш негіз жоқ деп отыр. Бұған біз келіспейміз. Тілеужанды жекеменшік ауруханаға апаруды сұрап отырмыз. Бұған ешқандай да қарсылық жоқ деді түрме әкімшілігі. Демек, оны ауруханаға жіберу керек». 

Алайда, сол күні белгілі болғандай, Әйгерім Тілеужанды жекеменшік ауруханаға сол бойы апармады.

Қорғаушысының айтуынша, Тілеужан арықтап кеткен. Тәбеті бұрынғыдай болғанымен, салмағы түсіп кетті деп отыр Айдарханова. 

Думан Мұхамедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов түрме ішіндегі заңсыздықтар болып жатқанына назар аударды. Камера ішінде жарылыс болғанына тексеріс жүргізбегенін де ашық айтты. 

Бақытжан Төреғожина саяси тұтқындардың денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, бұл мәселеге билік назар аударуы керек еді. Сонымен бірге, құқық қорғаушы парламенттік комиссия құру қажет дегенді айтты.