Нұр-Сұлтан қаласында азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің ұлы Жанболат Ағаділ пышақ жарақатынан қайтыс болды.
Қарашаның 10-ы күні түнгі сағат 23:00 шамасында Нұр-Сұлтанда азаматтық Дулат Ағаділдің кәмелет жасына толмаған ұлы Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, мерт болған. Бұл ақпаратты Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Эльмира Шәуленова хабарлады.
Елордалық белсенді Дулат Ағаділ ақпан айында Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қайтыс болған. Дулат Ағаділдің қазасынан кейін Қазақстанның бірнеше қаласында наразылық акциялары өтті. Оған қатысушылар белсендінің қазасына билікті кінәлаған.
28 ақпанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді Дулат Ағаділ “жүрек талмасынан қайтыс болды” деп мәлімдеген. Ресми сараптама қорытындысы шықпай тұрып айтылған бұл тұжырымды қоғам өкілдері сынаған.