Мирболат Мырзатайұлы онлайн сотқа қатысудан бас тартты
  • Басты
  • >
  • Мирболат Мырзатайұлы онлайн сотқа қатысудан бас тартты

Мирболат Мырзатайұлы онлайн сотқа қатысудан бас тартты

04.11.2025

«Ұлтаралық араздықты қоздырды» деп айыпталған белсенді өзін сот залына әкелмей, процеске онлайн түрде қатыстырғанына наразы

Қыркүйек айында 174-баппен, яғни ұлтаралық араздықты қоздыру айыбына ілініп, қамауға алынған блогер Мирболат Мырзатайұлының соты жалғасып жатыр. Істі Алматы қаласының Алмалы аудандық соты қарауда. 

3 қараша күні өткен сот процесі даумен басталды. Оған себеп – жиналған халықты Мирболат Мырзатайұлының ісін қарап жатқан залға кіргізбеу. Сот қызметкерлері келген адамдарға орын тауып бере алмады. Бұған Мырзатайұлының жақтастары наразылық білдіріп, сот процесін бақылауға мүмкіндік беруге шақырды. Журналист Рысбек Сәрсенбайұлы «адамдар емін еркін сыятын, сотта не болып жатқанын еститін жағдай жасаңдар. Ешкім де тәртіп бұзуға келген жоқ, барлығы да сотты бақылауға келді» деп мәлімдеді. Алайда, сот қызметі бұған немқұрайлықпен қарады. Нәтижесінде, жиналғандардың көп бөлігі залға сыймай, соттың сыртында қалуға мәжбүр болды. 

Мирболат Мырзатайұлының өзі сот залына мүлде әкелінбеді. Оны Алматыдағы тергеу изоляторынан сотқа онлайн түрде қосты. Бұған сотталушы наразылық білдірді. «Менің де конституциялық құқығым бар. Сот залында не айтылып жатқанын естімеймін. Мені сырттай соттағандай болып жатырсыздар. Сол себепті, мені сот залына әкеліп, процеске офлайн қатысуға мүмкіндік беруіңізді сұраймын» деді Мирболат Мырзатайұлы. Бұған қатысты төрағалық етуші судья тараптардың пікірін сұрады. Мырзатайұлының қорғаушылары оны бір ауыздан қолдады. «Мирболаттың сотқа қатысуға құқығы бар. Оның үстіне, құлағы да нашар еститінін есепке алыңыз. Онлайн түрде қатысса, залда не болып жатқанын, не айтылғанын дұрыс естімейді. Оны сот залына әкелуге еш кедергі жоқ» деп мәлімдеді олар. 

Десе де, төрағалық етуші судья Мырзатайұлының өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. «Сіз онлайн конференция арқылы қосылдыңыз. пікіріңізді айтуға еш кедергі жоқ. Сондықтан, дәл осы форматта қатыса беруіңіз керек» деді ол. 

Мирболат Мырзатайұлы бұған наразылық білдірді. «Өткен жолы келесі сот процесіне офлайн қатысасың деп уәде бердіңіз. Қазір сол сөз орындалмады. Менің де құқығымды қорғауға мүмкіндігім болуы тиіс емес пе? Егер сотқа онлайн қатыстырамын десеңіз, мен процеске араласудан мүлде бас тартамын» деп орнынан тұрып кетіп қалды. Осыдан кейін судья процеске үзіліс жариялауға мәжбүр болды. 

Мирболат Мырзатайұлының жақтастары сот сыртында «Мирболатқа бостандық» деп ұрандатты. Сотқа бақылаушы ретінде келген Алматы қалалық мәслихатының депутаты Еркін Рақышев Мырзатайұлына бостандық берілуі керек деген талап қойды. Алмалы аудандық сотының сыртына жиналған Мырзатайұлының жақтастары әкімдік өкілдері ескерту жасап, тәртіпті бұзбауға шақырды. Алайда, жиналған қарапайым жұртшылық қандай тәртіпті бұзғанын айтпады. 

Азаттықтың жазуынша, «54 жастағы Мирболат Мырзатайұлы кейінгі он жылдан бері медиа саласында жүр. Бұрын мемлекеттік “Қазақстан” арнасында, КТК телеарнасында журналист қызметін атқарған. Кейінгі жылдары азаматтық белсенділер арасында жиі жүреді. Қоғамдағы әлеуметтік-саяси тақырыптар бойынша сыни жазбалар жариялайды. Саяси астары бар делінетін сот істерінен хабар таратады. Наразылық акцияларынан тікелей эфирге шығады. Кейінгі кезде YouTube-та “Журналисттік зерттеулер агенттігі” деген арнаны жүргізген». Оны қыркүйек айында Алматы қаласы полиция департаменті қызметкерлері ұстап, белсендінің үстінен 174 бап бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді.