Олардың ойынша, ЛГБТ насихатына тыйым салу арқылы билік азаматтық қоғамға қысымды күшейтпек
Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросында баспасөз мәслихаты өтіп, онда ЛГБТ белсенділері құқықтары тапталып жатқанын ашық мәлімдеді. Жиынға қатысқан Гүлзада Сержан, Жанар Секербаева, Дарима Руслан, Ардж Турсынкан, Абдель мухтаров және Темірлан Баймаш ресейлік заңдарды көшіру арқылы Қазақстанда ЛГБТ насихатына тыйым салу неге әкелетінін жеткізді.
Алдымен сөз алған Жанар Секербаева мынаған тоқталды: «Былтыр бізді ЛГБТ насихатына тыйым салуға қатысты петицияны талқылауға шақырғанын білесіздер. Биыл ондай мүмкіндік бермеді. Тікелей шақырылған жоқпыз. Тек қана онлайе байланыс арқылы соңғы уақытта талқылауға қосты. Қазір мәжіліс депутаттары тоғыз заңға өзгерістер енгізуді талқылап жатыр. Бұл өзгерістердің барлығы мәжілісте қаралуы керек. Оны депутаттар оқылымда қабылдайды. Одан кейін сенат қолдауы тиіс. Содан кейін ғана президенттің алдына жетеді. Сондықтан, дәл қазір қорқып, үрейленетін түк те жоқ. ЛГБТ қозғалысына ешкім де тыйым салған жоқ әзірге. Бірақ, біз күресімізді жалғастыруымыз тиіс. Өзіміздің кім екенімізді айтқымыз келеді. Айқай шудың қажеті жоқ».
Одан кейін сөйлеген Дарима Руслан мынаны айтты: «Өз елімнің патриоты ретінде сөйлеуге келдім осында. Ешқандай да қозғалыстың мүшесі ретінде айтпаймын ойымды. Феминистік көзқарас арқылы мемлекет ішіндегі проблемаларды көтерсем, бізді жау көреді. Шынында, олай емес. Қоғамға жаңа тыйымдар қажет емес. ЛГБТ насихаты болған емес Қазақстанда. Оған тыйым салуға қатысты заң қабылдау негізгі проблемалардан назарды бұрудың амалы. Қаншама проблема бар ел ішінде. Соны неге көтермеске? Жұмыссыздық, құрғақшылық мәселесі бар. Неге соны шешпеске? Мәселе деген жетіп артылады.
Депутаттардың көтеріп жатқан мәселесі – елде өшпенділік қоздырады. Дінге қатты берілген адамдар осыны зорлық көрсету үшін қолдануы мүмкін. Демографиялық мәселелерді неге көтермеске? Суицидті алыңыз. Ажырасу көрсеткішіне қараңыз. Осының бәрі шешілуі тиіс проблема емес пе?»
Халықаралық сарапшы әрі белсенді Ардж Турсынкан мына мәселеге тоқталды «Халықаралық мәселе бойынша сарапшымын. Белсенділікпен де айналысамын. ЛГБТ насихатына тыйым салуға қатысты өзгерістер – үлкен көрсеткіш. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы рөліне тікелей әсер ететін жағдайға айналады. 600 ге тарта ЛГБТ мүшелерінен сауалнама алдық. Соның 83% өздерін заң тұрғысынан қорғансызбын деп мәлімдеді. Екінің бірі жұмыстағы бөлінушілікті сезінеді. Оларда қорқыныш сезімі бар. Далаға шығуға үрейленеді. Бұл конституцияға қайшы дүние емес пе?». Одан бөлек, Турсынканның ойынша, ЛГБТ адамдарға құзырлы органдар көмек көрсетуден бас тартады. Мынаны айтты: «Полиция мен дәрігерлер ЛГБТ адамдарға көмек көрсетуден бас тартады. Мысалы, менің өзім невропатолог табудан қатты қиналдым. Сонда біз қайда қараламыз? Мемлекет неге адамдарды осылай қорғансыз күйде қалдырып отыр?
Негізінен, адам құқығын шектеу ЛГБТ -ны қысудан басталады. Одан кейін азаматтардың басқа құқықтары да шектеледі. Ресейде солай болды. Угандада дәл осындай жағдай қалыптасты. Венгрия мысалын алсаңыз, ЛГБТ насихатына қарсы заң қабылдаған соң, ол елге инвестиция көлемі азайды. Еуропа Одағы оларға санкция салды. Угандаға көмек қолын созуды тоқтатты халықаралық қауымдастық. Мұның бәрі экономикалық жағдайға кері әсерін тигізетіні анық. Бүгін ЛГБТ ға тыйым салсақ, ертең демократияға тоқтау қойылады.
Егер дәл осы заң қабылданса, бұл біздің жағдайымызды тіпті мүшкіл етеді. Өз өзіне қол салу көбейеді. Адамды бөлінушілік күшейеді. Халықаралық ұйымдардың да сыны күшейетінін атап өткім келеді. Қазақстанның өзі адам құқығына қатысты міндеттелерді орындаймын деп уәде етті. Енді соны өздері бұза ма?»
Белсенді Абдель Мухтаров өздерінің үрей мен қорқынышта өмір сүретініне тоқталды: «Азаматтар қауіпсіз өмір сүргісі келеді. Қазірдің өзінде қорқып өмір сүретіндер аз емес. ЛГБТ насихатына қатысты мәселе көп айтылады. Бірақғ кім насихат жүргізді? Одан ЛГБТ саны өсіп кете ме? Жоқ. Адам қандай болуды өзі таңдайды және соған келеді.
Біз арнайы заң сұрамаймыз. Тек қана Конституцияда белгіленген құқықтарымыз сақталса дейміз. Жақыныңа деген махаббат насихатталуы керек. Бір бірімізге қауіп төндірудің керегі жоқ. Қаншама ЛГБТ адамдар бар. Соның бәрінен өзіміз де өттік. Қаншама жас өмірін қиды. Соның ішінде ЛГБТ жастар да жоқ деп кім айта алады?
Адамның жынысы туғанынан белгіленеді. Ешқандай насихаттың нәтижесі емес бұл. Соны түсінетін кез келді».
Гүлзада Сержан дәстүрлі құндылықты қалай түсінетінін жеткізді: «Азаматтық белсенділік біздің елде онсыз да қыспаққа ұшырайды. Дәстүрлі құндылық деген не? Бұл отар, құлдық деген сөз. Неге олай айтамыз? Адам құқығы, әділетті қоғам, ашық сайлау дегеннің бәрі басылып жатыр. Ол үшін не істейді? Отаршылдық құлдыққа түсіреді. Осыны көздегендіктен билікте отырғандар жастардың болашағына балта шабады. ЛГБТ насихаты деген не? Олар мені көрсетеді. Менің айтқан сөзім, тұла бойым – бәрі насихат дейді. Шын мәнінде олай емес қой. Оны өздеріңіз де түсінесіздер. Гүлзадаға, Жанарға тыйым салғысы келеді. Сол арқылы ЛГБТ қозғалысының үнін өшіргісі келеді.
Биліктің ойы не? Шындықты айтатын, ақиқатты көтеретін азаматтардың даусын шығарғысы келмейді. Оларға бәрі тып тыныш отырса, сол жақсы. Әділ қоғам деген керегі жоқ оларға. Біз соны дәріптейміз. Әділ сайлауды талап етеміз. Ашық қоғам болса дейміз. Міне, осының бәріне тыйым салғысы келеді».
Жиынға келген шетелдік журналистің бірі «мұны Ресейдің ықпалынан туындаған өзгертулер деп қабылдауға бола ма?» деген сауал қойды. Бұған Жанар Секербаева былай жауап берді: «Жаңа да айттық, дәстүрлі құндылық деп отырғаны дәл осы Ресейдің отаршылдығынан туындаған дүние. Біз Ресейдің көптеген құжаттарын оқыдық. Қазір нық сеніммен айта аламыз, бұл шынында да солардың заңын көшіруге келеді. Толыққанды көшіріп алған соны. Біз өзімізді тәуелсіз мемлекетпіз деп айтамыз. Туристерді шақырамыз. Қазақы тазы деп насихаттаймыз. Бірақ, заң жағына келгенде, Ресейді көшіреміз. Мұны қалай түсінуге болады? Әлде бұл Ресейдің тапсырмасы ма?».
Жиын осымен аяқталды. Бірақ, ЛГБТ насихатына тыйым салуға қатысты заң әлі де қызу талқыланатыны анық.
