Гүлнар Бажкенова екі айға үйқамаққа алынды
  • Басты
  • >
  • Гүлнар Бажкенова екі айға үйқамаққа алынды

Гүлнар Бажкенова екі айға үйқамаққа алынды

02.12.2025

«Орда» сайтының редакторына қатысты 274-бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның үйінде және редакцияда тінту жұмыстары жүргізілді

Orda.kz сайтының редакциясында және оның бас редакторы Гүлнар Бажкенованың үйінде тінту жұмыстары жүріп жатыр. Алматы қалалық полиция департаменті журналистің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлап, соған сәйкес тергеу амалдары басталғанын хабарлады. 

Бажкенованың үстінен бір емес, бірнеше қылмыстық іс қозғалды. «Тергеу іс-шаралары аясында арызданушылардың уәждері мұқият тексеріліп жатыр. Алдын ала анықталғандай, 2024 жылғы бір жарияланымда құқық қорғау органы қызметкерінің пара алып жатқан кезде ұсталғаны туралы жалған ақпарат таратылған. Алайда мұндай оқиғаның болмағаны нақты анықталды. Осылайша, Бажкенованың әрекеті аталған жарияланымда көрсетілген қызметкердің кәсіби қызметі туралы қоғамда жалған пікір қалыптастырып, оның іскерлік беделіне нұқсан келтірген», — деді Алматы қалалық полициясы.

Власть сайтының жазуынша, Бажкенованың тұрғылықты жері мен жұмыс орнында тергеу әрекеттері жүргізіліп, электронды құрылғылар мен материалдар тәркіленіп жатыр. Полиция департаменті бұл әрекеттер жарияланымдарды дайындау және орналастыру жағдайларын, сонымен қатар ақпараттың қайдан шыққанын анықтау үшін қажет екенін  айтқан. 

“Біз кеңседегі әріптестерімізге шамамен бір сағаттан бері хабарласа алмай отырмыз, олардың телефондарын алып қойған болуы мүмкін. Редакцияда тергеу жүріп, айналада қара киім киген ер адамдар жүр, белгісіз көліктер тұр. Қазір жағдайды Orda.kz заңгерлері зерттеп жатыр”, – дейді Orda.kz телеграм арнасы.

Журналистердің хабарлауынша, Астанада «Орда» сайтының шеф-редакторы Дмитрий Кимді де полиция ұстап, бөлімшеге алып кеткен. Оны тергеуге алып, тек қана кешке босатты. 

Белгілі болғандай, тергеушілер «Орда» редакциясындағы сейфті де ашқан. Оның ішінде журналистердің айлығы және редакцияға тиесілі басқа да құжаттар бары анықталды. Сонымен бірге, тілшілердің барлық электронды құрылғыларын полиция тергеушілері түгелдей алып кетті. 

Тінту жұмыстары жүріп жатқан редакцияға Гүлнар Бажкенованың қорғаушысы Мұрат Адам да барды. Қолдарына қару асынған полиция арнайы жасағы оны процессуалды әрекеттер жасалып жатқан ғимаратқа кіргізуден бас тартты. Мұрат Адам мұның заңсыздық екенін мәлімдеді. Себебі, тінту жұмыстарын жүргізіп жатқанда қорғаушының оған қатысуға құқығы бар. 

«Орда» редакциясына жасалып жатқан қысымға қатысты «Әділ сөз» қоғамдық қоры алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жасады. Онда былай делінген: «Қор бүгін таңертең Orda.kz төңірегіндегі жағдайға байланысты қатты алаңдаушылық білдіреді. Қазіргі сәтте редакция мен оның қызметкерлеріне қатысты жүргізіліп жатқан тергеу әрекеттерінің қандай құқықтық негізде болып жатқаны белгісіз. Басылымның заңгері Ольга Диденконың айтуынша, бүгін, 1 желтоқсан күні, сағат 9:26-да редакция кеңсесіне көптеген куәгерлер, тергеушілер және қаруланған қауіпсіздік қызметкерлерінен құралған тергеу тобы кірген. Журналистер мен заңгерге тінту жүргізу туралы қаулымен танысуға мүмкіндік берілмеген. Журналистердің сөзінше, бас редактор мен бухгалтерге жеке тінту жүргізіліп, редакцияның жұмыс кабинеттері қаралған, құжаттар мен техникалар тәркіленген. Редакцияның заңгері мен тиісті өкілеттіктері бар қорғаушыны ішке кіргізбеген».

Бұл жағдайға байланысты «Орданың» құрылтайшыларының бірі – Мақсат Ганиев те мәлімдеме жасады. Ол редакцияға кіре алмағанын, болып жатқан жағдайға алаңдаушылық білдіретінін жеткізді. Сонымен бірге, журналистердің жалақысын төлеуге көмектесуге дайын екенін де мәлімдеді. Естеріңізге сала кетсек, Бажкенова мен Ганиев арасында үлкен дау көтеріліп, журналист соңғысын «Орданы» менен тартып алғысы келеді» деп айыптаған еді. 

Бажкенованың қорғаушысы Мұрат Адам дүйсенбі күні кешке Фейсбук парақшасында «журналистің екі айға үйқамаққа алынғанын» хабарлады. Демек, оның үстінен тергеу соты жүргізіліп, Бажкеноваға қатысты санкция берілді деген сөз. 

Әлеуметтік желіде Гүлнар Бажкеноваға қатысты қозғалған қылмыстық іс кеңінен талқыланды. Журналист қыркүйек айының басында сол кездегі сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен оның жақын адамы делінген Гаджи Гаджиев қамауға алынды деген мәлімет таратқан болатын. Құзырлы органдар мұны жоққа шығарды. Бірнеше күннен кейін Нұртілеудің өзі президенттің жолдауына келіп, қамауға алынғанын жоққа шығарған еді. Алайда, көп ұзамай, президент Тоқаев Нұртілеуді министр қызметінен түсіріп, оны өзінің кеңесшісі етіп тағайындады. Бұған Бажкенова мақаласының әсері болды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз.