Алматы облысына қарасты Сарыбастау ауылдық округының экс-әкімі Алдан Бекиев Кербұлақ ауданы Шаған ауылының тұрғыны Ақылбай Бақытханды «ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау» бабы бойынша сотқа берген. Алғашқы сот отырысы қазанның 29-ы күні онлайн режимде өткен.
Ақылбай Бақытханның сөзінше, ол 21 маусым күні «Еркін қазақ» қозғалысының жетекшісі Ержан Тұрғымбаймен ютуб желісінде тікелей эфирге шығып, Алдан Бекиевтің Сарыөзектегі монша дауына қатысы бар екенін және жер дауын шешу үшін сотқа 100 мың доллар бергенін айтқан. Осыдан кейін экс-әкім оны сотқа берген.
«Бекиев жер дауын өз пайдасына шешу үшін сотқа 100 мың доллар берген. Сарыөзектегі моншада карантин уақытында олар соны атап өткен. Мен эфирде елдің арасында айтылып жүрген әңгімені айттым. Егер Бекиев ол ақшаны бермесе, несіне мені сотқа шақырады?..Біздің ауданды мафия жайлап алған. Олар моншада өздерін ұйымдасқан қылмыстық топпыз деп айтты ғой», – дейді Бақытхан.
Бұдан бөлек, Ақылбай Бақытхан Алдан Бекиевтің Кербұлақ ауданындағы суармалы жердің су құбырларын бұзып, темірге өткізгенін айтты. Оның айтуынша, қазір аталмыш оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ ол бұл істің әділ шешілетініне сенбейді. Себебі Бекиевтің тірегі мықты дейді.
2020 жылдың мамыр айында әлеуметік желіде Сарыөзектегі сауналардың бірінде карантин уақытында сайран салып жүрген Кербұлақ ауданының судьясы Дінмұхамед Сейтов пен Панфилов ауданының прокуроры Саян Шалғымбаев бейнеленген видео ролик тараған. Ол желіде қызу талқыланып, кейіннен құзырлы органдар тарапынан қызметтік тексеріс болған.
Бұл Алдан Бекиевтің ауыл ақсақалдарымен болып отырған алғашқы соты емес. 2019 жылы ол Кербұлақ ауданының 73 жастағы тұрғыны Ибен Машарбетовпен Қызылшоқы шаруа қожалығы үшін соттасқан. Ақылбай Бақытханның сөзінше, қазір 130 отбасының жеріне қатысты сот процесі әлі жүріп жатыр. Ибен Машарбетов осы мәселеге байланысты жоғары биліктен араша сұрап, Нұр-Сұлтан қаласына кеткен.
Ақылбай Бақытхан 2020 жылдың маусым айында аштық жариялап, биліктегі жемқорлықты тоқтатуды, тартып алынған 30 соттық жерін қайтарып беруді талап еткен.