CPJ KazTAG ақпарат агенттігінің басшыларына қарсы қозғалған қылмыстық айыптауларды айыптайды
  • Басты
  • >
  • CPJ KazTAG ақпарат агенттігінің басшыларына қарсы қозғалған қылмыстық айыптауларды айыптайды

CPJ KazTAG ақпарат агенттігінің басшыларына қарсы қозғалған қылмыстық айыптауларды айыптайды

09.12.2025

КазТАГ ақпараттық агенттігінің жетекшісі Әсет Матаев пен бас редактор Амир Касеновты «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша күдікті деп таныды

КазТАГ ақпараттық агенттігінің жетекшісі, белгілі журналист Әсет Матаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Онымен бірге, агенттіктің бас редакторы Амир Касенов те 274-бап, яғни «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша күдікті деп танылды. Қылмыстық істің қозғалуына себеп – Freedom Finance қаржылық компаниясының жетекшісі Тимур Турловтың арызы негіз болып отыр. 

«Матаев пен Касеновты белгіленген тәртіпті сақтамастан күдікті деп тану — өрескел заң бұзушылық. Адамды өзінің қатысуынсыз күдікті деп тану үшін, оның тергеуден бой тасалауы немесе тергеу әрекеттерінен әдейі жалтаруы қажет. Ал Матаев та, Касенов те тергеу іс-шараларынан қашқан емес», — деп түсіндірді жағдайды адвокат Рена Керимова.

Ең қызығы — редакция бұл қылмыстық іс туралы тек 20 қарашада бұқаралық ақпарат құралдары арқылы білді, ал іс 18 тамызда-ақ қозғалған екен. Осылайша, полиция бірнеше ай бойы КазТАГ агенттігінен жасырын түрде қылмыстық істі тергеп, үстіне бірнеше сараптама жүргізген. Мұның бәрі редакцияны хабардар етпестен, қолданыстағы рәсімдер мен нормаларды бұзу арқылы жүзеге асқан.

«Сот сараптамасын тағайындау қажетті деп танылған жағдайда, қылмыстық процессті жүргізетін орган немесе тергеу соты осы жөнінде қаулы шығарады. ҚІЖК-нің 272-бабының 4-бөлігіне сәйкес, сараптаманы тағайындаған тұлға сот сараптамасын тағайындау туралы қаулымен күдіктіні, айыпталушыны, олардың қорғаушысын, жәбірленушіні, оның өкілін, сондай-ақ сараптамаға жіберілетін куәні, соның ішінде қорғауға құқығы бар куәні және оның заңды өкілін таныстырады және ҚІЖК-нің 274-бабында көзделген құқықтарын түсіндіреді. Бұл туралы сараптаманы тағайындаған тұлға мен қаулымен таныстырылған адамдар қол қоятын хаттама жасалады. Яғни тергеуші бізді ҚІЖК-нің 274-бабымен көзделген құқықтардан айырған. Сараптама тағайындалғаны жөнінде уақытылы таныстырылмағанын 2025 жылғы 21 қарашадағы куәні қаулымен таныстыру хаттамасы дәлелдейді», — деп түсіндірді адвокат Ерлан Макенов.

Әсет Матаев пен Амир Касеновтың үстінен қылмыстық іс қозғауды халықаралық Журналистерді қорғау Комитеті (СPJ) айыптады. 

«Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) КазТАГ ақпарат агенттігінің директоры Асет Матаев пен бас редактор Амир Касеновқа жалған ақпарат тарату бойынша тағылған айыптарға, сондай-ақ ертең өздеріне тапсырылуы тиіс тергеуге шақыру қағазына байланысты алаңдаушылық білдіреді. Бұл оқиға дәл осындай айыппен белгілі журналист Гүлнар Бажкенованың өткен аптада қамауға алынғанынан кейін орын алды. Біз Қазақстан билігін жала жабуды қылмыстық жауапкершіліктен алып тастауға және жалаға қатысты істердің тек азаматтық сот тәртібімен қаралуын қамтамасыз етуге тағы да шақырамыз», — делінген CPJ-дің дүйсенбі күнгі мәлімдемесінде.

274-бап бойынша қылмыстық іске тартылып жатқан тағы бір журналист – «Орда» порталының жетекшісі Гүлнар Бажкенова. Жалпы, бұл қылмыстық бап бойынша іске тарту соңғы кездері Қазақстанда кеңінен белең алып тұр.