• Басты
  • >
  • Бес белсендіге бес жыл түрме жазасы сұралды

Бес белсендіге бес жыл түрме жазасы сұралды

22.08.2025

АЭС референдумы қарсаңында қамалған белсенділерді прокурор бес жылға түрмеге отырғызу керек деп сұрады. Сотталушылар кінәсі жоқ екенін және тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеді.

АЭС құрылысына қатысты референдум қарсаңында қамалған бес белсендінің ісі бойынша Алмалы аудандық сотында жарыссөз басталды. Прокурор сотталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін айтып өтіп, оларды бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушыларға «жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыру қылмысына дайындалды» деген айып тағылып отыр (ҚР ҚК-нің 272-бабының 1-бөлігі және 24-бабының 3-бөлігі).

Мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсі дәлелденді деп есептейді. Прокурор сотта «мемлекеттік маңызды іс-шараның бұзылуы азаматтардың конституциялық құқықтарының шектелуі болып табылады» деп мәлімдеді.

Сотқа тартылып отырған белсенділер Нұрлан Темірғалиев, Жанат Қазақбай, Нұрлан Жауылбаев, Айдар Мұбараков және Фазылжан Сыдыков тағылған айыпты мойындамайды. Олар Алмалы аудандық соты Ернар Қасымбековтен өздерін толық ақтауды сұрады.

Қорғаушы Төлеген Берліқожа «сот белсенділерді толық ақтамаса да, ең құрығанда, қайта тергеуге жіберуді» сұрады. Осы арқылы олардың жаза мерзімі қысқаруы мүмкін деген пікір білдірді.

Сотталушылардың тағы бір қорғаушысы Жанар Балғабаева прокурордың таққан айыбын түгелдей жоққа шығарды.

Ол өз сөзінде прокуратура ұсынған айғақтар сотталушылардың кінәсін растамайтынын; сараптамаларда қайшылықтар мен бұрмалаулар барын; бейнематериалдар мен стенограммалар толық көрсетілмегенін, олардың ішінде сотталушылардың сөзін жоқтығын; баспаханадан шығарылған үнпарақтарда заңсыздыққа шақырылмағанын, ал куәгерлердің сотталушылар тарапынан зорлық-зомбылыққа шақыру болмағанын көрсеткенін айтты.

Сонымен бірге, Балғабаеваның сөзінше, 2025 жылғы 23 сәуірде құқыққорғаушылардан тұратын сарапшылар кеңесінің шешімімен барлық сотталушылар саяси тұтқын деп танылғанын баса атады. Қорғаушының пікірінше, осының өзі олардың жасаған қылмысы үшін емес, саяси көзқарасын білдіргені үшін қудаланып жатқанын дәлелдейді.

Жанара Балғабаева сотталушылардың іс-әрекетінде зорлық-зомбылыққа, заңсыз әрекеттерге шақыру болмағанын да айтты. Сонымен бірге, бес белсендінің елін, жерін сүйетін патриоттар екенін, халық үшін шыр-пыр болған азаматтар екенін азаматтық қоғамның айтып жатқанын да жеткізді.

Осы орайда Қазақбай Жанат, Темірғалиев Нұрлан, Жаулыбаев Нұрлан және өзге де айыпталушыларды толық ақтау туралы әділ шешім қабылдауды сұрады Жанара Балғабаева.

Соттың қандай шешімге келетіні әлі белгісіз. Сотқа тартылып отырған белсенділерді халықаралық ұйымдар «саяси тұтқын» қатарына жатқызғанын атап өту керек. Оларды түрме жазасына кессе, бұл азаматтардың денсаулық жағдайы абақтыны көтере ме деген сауал туындайды. Айта кетерлігі, сот процесінің біріне қатысқан депутат Ермұрат Бапи бес белсендіні соттамайды, оларды шартты жазамен босатады деген болжамын айтты. Бұл биліктің позициясы ма, әлде өзінің ойы ма, оны уақыт көрсетеді. Біз сот процесін жіті қадағалап отырамыз.

Қорытынды:

Бұл іс Қазақстандағы бейбіт саяси белсенділік пен азаматтық еркіндіктің шынайы жағдайын көрсететін сынақ ретінде бағалануда. Егер сот айыпталушыларды түрмеге жапса, бұл елдің халықаралық имиджіне де әсер етуі мүмкін. Себебі, қазірдің өзінде халықаралық құқық қорғау ұйымдары белсенділерді «саяси тұтқын» деп мойындап отыр.

Сот шешімі тек бес азаматтың тағдырына ғана емес, бүкіл азаматтық қоғамға жасалған қадам ретінде тарихта қалады.

Фото: Village Kazakhstan