Белсендінің балаларына қысым жасады деп шағымданды
  • Басты
  • >
  • Белсендінің балаларына қысым жасады деп шағымданды

Белсендінің балаларына қысым жасады деп шағымданды

07.02.2026

Қорғаушы Мейіржан Досқараевтың айтуынша, азаматтық белсенді Эльвира Бекзадинаның кәмелеттік жасқа толмаған екі баласын бөлімшеге әкетіп, видеоға түсіріп, қысым көрсеткен. Құзырлы органдар бұған қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тартуда

Адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросында саяси тұтқындардың мәселесі көтеріліп, баспасөз мәслихаты өтті. Оған «Алға, Қазақстан» тіркелмеген партиясының белсендісі Бибігүл Имангалиева мен Сергей Измайлов және қуғынға түскен белсенділердің қорғаушысы Мейіржан Досқараев қатысты. 

Жиын барысында марафоншы, 7 жылға сотталған Марат Жыланбаевтың, белсенділер Амангелді Джахин мен Эльвира Бекзадинаның мәселесі көтерілді. 

Алдымен сөз кезегін алған Бибігүл Имангалиева былай деді: «Қазіргі таңда бізді, «Алға, Қазақстан» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ мүшелерін, қудалау жалғасып жатыр. Жүйелі түрде қысым көрсетеді билік органдары. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы Марат Жыланбаев 7 жылға сотталды. Одан кейін, «Алға, Қазақстан» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі Амангелді Джахин болды. Оны да қамап тастады. Үстінен қылмыстық іс қозғап, түрмеге отырғызды. Тағы бір белсенді Эльвира Бекзадинаны да қудалауға алды. Бұл азаматтардың ісіне қатысты ақпарат бергіміз келеді».

Мейіржан Досқараев алдымен үйқамаққа алынған белсенді Бекзадинаға қатысты сөз қозғады: «Эльвира Бекзадина бойынша жағдай былай. Оның екі кішкентай баласы бар. 16 желтоқсан күні Бекзадинаны екі баласымен бірге далаға шыққанда полиция қызметкерлері ұстады. Олар Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке барып, Желтоқсан құрбандарына гүл шоқтарын қоймақ болды. Үйінен шыға бергенде, белгісіз адамдар келіп, оның екі баласын әкете бастады. Ол балаларын қорғайды. Ешкім түсіндірме жасамады. Балаларымен бірге ұстап әкетті. Сары арқа аудандық полиция бөлімшесіне әкетті. Ешқандай құжат көрсетпеді. Соттың қаулысы болмады. Не үшін ұстағанын айтпады. Ал кішкентай балаларды неге ұстады? Мұны қалай түсінуге болады? Бөлімшеде балаларын бөлек әкетеді, өздерін басқа кабинетте ұстады. Полицияға келгенімде, Бекзадина еденде жылап жатты. Бірден жедел жәрдем шақырды, прокурорға шағымдандым. Ұстаған кезде балаларға зақым келтірген. Үстіндегі киімін жыртты. Мұның бәрі дәлелденді, қолымызда құжаттар бар айғақтайтын. Қаншама шағым түсірдік бұған байланысты. Бәрін кері қайтарды. Бұл балаларды азаптау емес пе? Қылмыстық кодексте 146 бап бар. Азаптау айыбы бойынша. 

Балаларға қатысты ешқандай процессуалды құжат жоқ. Оларды не үшін ұстады? Неге бөлімшеге әкетті? Қандай негізде анасынан айырды? Кешке қарай олардың үйіне полиция қызметкерлері келіп, балаларын қайтадан әкетеді. Балалар үйіне әкетеміз деген. Оларды шешіндіріп, видеоға түсірген. Не үшін олай жасады? Қандай негізде? Конституция қайда? Заң қайда? Екі сағаттан кейін оларды қайтадан үйіне әкеліп тастады. Не үшін әкетті? Бұл қорқыту емес пе кәдімгідей? 

Бекзадинаға келер болсақ, бөлімшеде құлап жатты. Қолы ісіп кетті. Өзін ұрып кеткенін айтты ұстаған кезде. Қазіргі таңда оны үйқамақта ұстап отыр. Үйінен шыға алмайды. Екі рет оның үстінен протокол толтырып, үйқамақ жағдайын бұзып отырсың деп ескертті. 

Маған да қорғаушы ретінде қысым көрсетіп жатыр. Адвокаттық лицензиядан айыру туралы арыз жазылды.  

Бірақ, полиция қызметкерлерінің әрекетіне қатысты еш тексеру жүргізілмейді. Арыздың бәрі кері қайтарылып жатыр. 

Қылмыстық процессуалды кодексте «ақпарат құралдарында жарияланған мәлімет негізінде қылмыстық іс қозғауға болады» делінген. Бүгінгі баспасөз мәслихатынан кейін сондай іс қозғалып, тергелуі керек деп санаймыз»

Марат Жыланбаевқа қатысты Досқараев былай деді: «Менің қорғаушылық қызметіне тосқауыл қойылып жатыр. Степногорск қаласына келіп, түрмеге кірдім. Маратпен кездесуден кейін түрме қызметкері менен не жазып алғанымды көрсетуді сұрады. Маратқа не керек, қандай талап қойып жатыр дегенді айтуды талап етті. Бұл заңға қайшы емес пе? Тіпті физикалық қысым көрсете бастады. Бұл менің адвокаттық қызметіне тосқауыл қою емес пе? Прокурорға шағым түсірдім. Түрме қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғауды талап еттім. Бірақ, ешқандай реакция болмады. Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне жолдады бұл шағымды. Олар оны қайтадан түрме мекемесіне жіберген. Олар «ешқандай заңбұзушылық болмады» деп жауап берді. Түрме басшылығы министрдің бұйрығына сілтеме жасады. Бірақ, заң қайда қалды сонда? Заңның құзіреті күшті емес пе? Конституцияға да қайшы әрекет бұл. 13 – бап бұзылды бұл жерде. 

Қазір жағдай мүлде қызық бағытқа бұрылды. Марат Жыланбаевқа жиі кіргізбеуді шығарды бұлар. Соңғы рет Жыланбаевқа 23 қаңтар күні бардым. Мені кіргізбеді. Басқа әріптесім барды оған. Оны үш рет кіргізбеді. Жыланбаевтан арыз жоқ деп, онымен кездестіруден бас тартып отыр. Қандай негізде кіргізбей отыр оған? Ешкім түсіндірмейді. Мемлекеттік органдар осылайша азаматтың құқығын бұзып отыр».

Сергей Измайлов мынаны айтты: «Бекзадинаның балаларына қысым көрсетілгені туралы ақпаратты қорғаушысы айтты. Бірақ, неге қылмыстық іс қозғалмады? Джахин туралы айтатын болсақ, жағдай былай. Қазір оны қылмыстық іс материалдарымен таныстырып жатыр. Амангелді Джахинді қудалау – саяси тапсырыс екені сөзсіз деп санаймыз. Оны қылмыстық қудалауға негіз болған жағдай – жай ғана ұйымдастырушылық жұмыстарды талқылау болып отыр. Соған сараптама жасатып, экстремистік «ДВК» ұйымына қатысы бар деген қорытындыға келді. «Алға, Қазақстан» партиясы экстремистік ұйым емес. Оның ДВК мен «Көше» партиясына еш қатысы жоқ. Олай болса, Джахинді не үшін қылмыстық жазаға тартады?». 

Бибігүл Имангалиева Марат Жыланбаевқа тағылған айыптың негізсіз екеніне тоқталды. Оған аударылған қаржы сайлауға депутат болып үміткер ретінде тіркелу үшін Орталық сайлау комиссиясына жіберілген. Ал Жыланбаев Имангалиеваға қаржы аударған. Бірақ, сол үшін Марат Жыланбаев сотталды. Экстремизмді қаржыландыру айыбымен. Имангалиеваның сөзінше, оның өзі экстремист деп танылмаған. Сотты болмады. Олай болса, Жыланбаевты неге қылмыстық жауапкершілікке тартты?, деп шағымданды белсенді.