«Алға, Қазақстан» саяси партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшілерінің бірі Амангелді Джахин Көкшетау қаласында қамалды. Оның Астанадағы пәтерінде тінту жұмыстары жүргізілді
«Алға, Қазақстан» партиясын құру жөннідегі бастамашыл топ жетекшісі Амангелді Джахиннің өзінің және ұлының пәтерінде тінту жүргізілді. «Азаттық» журналистерінің хабарлауынша, Джахиннің үйінен телефон мен ноутбуктерді тәркілеп әкеткен.
Белсендінің әйелінің айтуынша, Джахиннің өзі 18 қараша күні Көкшетау қаласына кеткен. Одан ешқандай хабар ала алмаған.
Джахиннің қорғаушысы Мейіржан Досқараевтың мәліметінше, белсенді Көкшетау қаласында ұсталып, қамауға алынды. Оған «Тыйым салынған ұйымның қызметіне араласу» қылмыстық бабы бойынша іс қозғалды. Ақмола облысының да, Астана қаласының да полиция департаменті Амангелді Джахиннің ұсталуына байланысты ешқандай мәлімет таратпады. Оның қандай қылмыс жасағанын да, не себепті айыпталып отырғанын да нақтыламады.
Амангелді Джахин – жеті жылға бас бостандығынан айрылған белгілі марафоншы, «Алға Қазақстан» партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың тағы бір жетекшісі Марат Жыланбаевтың үзеңгілесі. Марафоншыға «экстремистік ұйым жұмысына араласты, оны қаржыландырды» деп айып тағып, түрмеге қамаған еді. Халықаралық ұйымдар Жыланбаевты саяси тұтқын деп таныды.
Джахин 2023 жылы өткен мәжіліс сайлауына бір мандатты округ бойынша өз өзін ұсынған үміткер болды. Алайда, оны сайлау додасынан толық қатыстырмады.
2018 жылы Астана Есіл аудандық соты Әблязов құрған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын «экстремистік» ұйым деп таныған еді. Содан бері оған қолдау көрсеткен азаматтарды қылмыстық жауапкершілікке тарту үйреншікті жағдайға айналды.
Еуропа парламенті «ҚДТ»-ны бейбіт саяси ұйым деп танып, оны «экстремистік ұйым» қатарына қосқан Қазақстан билігін сынады. Бірақ, оған мән беріп отырған ресми Астана жоқ. Белсенділерді қудалау, бейбіт жиынға шыққан азаматтарды түрмеге отырғызу жиі орын алуда.
