Сот Әділет министрлігінің Мұрат Адамды адвокаттық лицензиясынан айыру туралы өтінішін қанағаттандырды.
Алматы қаласының Азаматтық істер жөніндегі Бостандық аудандық соты «Орда» порталының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенованың қорғаушысы Мұрат Адамды адвокаттық лицензиядан айыру туралы шешім қабылдады.
«Әділет министрлігінің мемлекеттік мекемесінің Мұрат Адамға қатысты адвокаттық қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы талап арызы қанағаттандырылсын», – деп судья Тлеубаев шешімді жариялады.
Заңсыз үйқамақ, азаптау, адвокаттың қатысуынсыз құжаттарға қол қоюға мәжбүрлеу, оның қорғауындағы адамды кеңседе заңсыз ұстау, сондай-ақ тергеу судьялары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы туралы жарияланымдар адвокаттық лицензиядан айыру туралы сотқа шағымдануға негіз болды құзырлы органдар үшін. Олардың ішінде, Адамның айтуынша, өзі авторы болып табылмайтын материалдар да бар.
Өз жарияланымдарының бірінде Адам Orda редакциясында және қорғауындағы Гүлнар Бажкенованың пәтерінде жүргізілген тінту барысында тергеу әрекеттеріне қатысуына жол берілмегенін мәлімдеген. Министрлік бұл мәліметтерді шындыққа сәйкес емес деп танып, сол уақытта Адамның қорғаушы ретінде қатысатыны туралы хабарлама ұсынбағанын әрі қылмыстық процестің қатысушысы болмағанын алға тартқан. Талап арызда адвокаттың Бажкеноваға сағат 12:00-де, ал Orda кеңсесіне сағат 12:50-де келгені, алайда тиісті хабарлама тапсырмағаны көрсетілген.
Адамның айтуынша, ол редакция кеңсесіне қорғаушы ретінде іске қатысуы туралы хабарламамен барған. Бұл жайтты Алматы қалалық адвокаттар алқасының өкілі болған куәгер де өз түсініктемесінде растаған.
Жарияланымдардың бірінде талап қоюшылар тергеу органдары өкілдеріне қатысты сөз қолданысын орынсыз деп бағалаған. Атап айтқанда, тінту жүргізілген күні Адам «ешкім өзін таныстырмады, өзін таныстырудан бас тартқан қандай да бір бандиттер тұрғандай әсер қалдырды» деген жазбасы сөз болып отыр.
Тағы бір жарияланымында Адам Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 274-бабын (көрінеу жалған ақпарат тарату) декриминализациялау қажеттігін көтерген. Оның пікірінше, бұл норма «билік тарапынан тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары мен сөз бостандығын тұншықтыру үшін жазалау құралы ретінде қолданылып келеді». Әділет департаментінің өкілдері бұл материалдан да орынсыз әрі дәлелсіз ақпаратты көрген.
«Власть» басылымына берген пікірінде Адам өзінің пікір білдіру еркіндігін жүзеге асырғанын, ал бұл құқық Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдендірілгенін атап өткен.
Мұрат Адамды қорғау үшін 110 адвокат сотқа қатысуға өтініш жолдап, әріптесін лицензиясынан айырмау үшін барын салды. Алайда, сот Әділет министрлігінің талап арызын орынды деп тауып, Адамды лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады.
Естеріңізге сала кетсек, Гүлнар Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің 274 бабы бойынша айып тағылып, ол қазір үйқамақта отыр. Мұрат Адам оның құқығын қорғаумен айналысып, оған адвокаттық көмек көрсеткен еді.
