• Басты
  • >
  • Ақтауда бірнеше белсендінің үйін полиция тінткені хабарланды

Ақтауда бірнеше белсендінің үйін полиция тінткені хабарланды

18.11.2020

18 қарашада таңертең Ақтау қаласында полицияның бірнеше белсендінің үйіне тінту жүргізіп, өздерін бөлімшеге алып кеткені хабарланды.

Бұл ақпаратты бірінші болып Жаңыл Мырзабаева есімді Facebook қолданушысы хабарлады. Ол жеке парақшасында тікелей эфирге шығып, таңертеңгі сағат 7-де үйіне келген құқық қорғау қызметкерлерінің “құжаттарын көрсетпей отырғанын” айтып шағымданды.

Видеода бет-жүзі анық көрінбейтін бірнеше полиция қызметкерінің әлдебір бапқа сілтеме жасап, олардың видеоға түсіруіне тыйым салып, телефонын беруді талап етіп жатқаны байқалады.

Бұл ақпаратты Мырзабаеваның туыстары да растады. Алдын ала мәлімет бойынша, Жаңыл Мырзабаеваға Әкімшілік кодекстің 195-бабына сай “жеке кәсіпкерде төлемдерді жүзеге асыратын құрылғы болмаған” деген айып тағылып отыр.

Жаңыл Мырзабаеваның мамандығы – мұғалім. Ол соңғы уақытта қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін айтып, көзге түскен.

Әлеуметтік желідегі қуғындалған белсенділер жайлы ақпарат тарататын топтың жазуынша, 18 қарашада Ақтауда үйіне тінту жүргізіліп, ұсталғандар қатарында белсенділер Абзал Ханалиев, Айжан Исмакова, Оразғали Назаров, Болат Нұргазин, Талғат Ахметов, ерлі-зайыпты Нұрберген Әлиханов пен Ләззат Ашықбаева да бар. Кейбір белсенділер тікелей эфирге шықпақ болған кезде полиция телефондарын тартып алды деген ақпарат та бар.

Белсенді Айгүл Ақбердінің айтуынша, “Болат Нұргазин, Талғат Ахметов және ерлі-зайыпты Ашықбаеваларға тыйым салынған ұйымның жұмысына қатысты” (Қылмыстың кодекстің 405-бабы) деген айып тағылып отыр. Қазір белсенділердің телефондары сөндірулі тұр.

Белсенділердің құқығын адвокат Айгүл Айжарықова қорғайды. Ол Азатттыққа қазір полиция бөлімшесінде отырғанын, кейін хабарласатынын жеткізді.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департментінен белсенділердің ұсталуы туралы ақпарат алу мүмкін болмады. Департаменттің баспасөз хатшысы Айғаным Рахметова Азаттыққа сәл кейінірек хабарасуды өтінді. Кейінірек хабарласқанымызда баспасөз қызметінің өкілі “бастықтың жиналыстан шықпағанын” айтып, әзірге ақпарат бере алмайтынын жеткізді.

Осыған ұқсас тінту бірнеше күн бұрын Шымкентте де болған. 14 қарашада “Тыйым салынған ұйым ісіне араласты” деп күдікке ілінген белсенділер Нұржан Әбілдаев, Мұрат Аштаев, Ерлан Файзуллаевтың үйлерін полицияның тінткені хабарланды. Тергеу сотының қаулысында белсенділердің сотпен қызметіне тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысы мен “Көше” партиясын қолдағаны жазылған. Қазақстанда сот шешімімен “экстремистік” деп танылған ҚДТ-ны Еуропарламент “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған. Құқық қорғаушылар ҚДТ-ға байланысты шыққан сот шешімдерінің қисынды екеніне күмән келтіреді. Осыған дейін елде “ҚДТ-мен байланысы үшін” ондаған белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған.


Сондай-ақ қараңыз