• Басты
  • >
  • Атырау соты Боқаевтың судьяны ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады

Атырау соты Боқаевтың судьяны ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады

20.01.2021

20 қаңтарда Атыраудағы УГ-157/9 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өткен көшпелі сот азаматтық белсенді Макс Боқаев пен оның адвокатының судьяны ауыстыру туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы Азаттыққа адвокат Жанар Сүндетқалиева хабарлады. Істі судья Гүлжиян Мүтиева жүргізді.

«Сотта Макс процестің ашық екенін, онда мемлекеттік немесе коммерциялық құпиялар талқыланбайтынын айтып, судьяның сотты интернет байланысы қалпына келгенше шегеруіне болатынын, бірақ ол бақылаушыларсыз тез өткізіп жіберуге тырысқандықтан сенімсіздік білдіргенін айтты. Мен оны қолдадым. Прокурор судьяға сенімсіздік білдіретіндей мәселе жоқтығын айтты. Судья да прокурорды қолдап, өтінішті қанағаттандырмады», – дейді Жанар Сүндетқалиева.

Атырау облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Макс Боқаевқа бостандыққа шыққаннан кейін үш жылға дейін әкімшілік қадағалау тағайындау туралы ұсынысы қаралатын сот 19 қаңтарда онлайн арқылы өтуі тиіс еді. №2 Атырау қалалық сотының судьясы Ержан Әліпқалиев Боқаев жазасын өтеп жатқан УГ-157/9 мекемесімен ортада интернет байланысы болмағандықтан сотты түрмеде өткізу туралы қаулы қабылдаған.

Бұл сотқа бақылаушы ретінде Қазақстанның әр өңірінен қатысқан құқық қорғаушылардың наразылығын туғызып, “сот бақылауы болмауы үшін әдейі жасап отыр” деп санайтындарын айтқан.

Адвокат Жанар Сүндетқалиеваның айтуынша, сот сәрсенбі күні жіберген хабарламасында “колониядағы интернет жүйесі қалпына келсе, процесс онлайн өтуі мүмкін” екенін хабарлаған. Боқаевқа әкімшілік қадағалау тағайындау туралы сот 22 қаңтар Атырау уақытымен сағат 11-де УГ-157\9 мекемесінде өтеді.

Адвокаттың айтуынша, Макс Боқаевқа қатысты Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті (ҚАЖД) сотқа түсірген ұсынысында оның жазасын өтеу мерізімі ішінде “ішкі тәртіпті сақтамады, 8 мәрте тәртіп бұзушылық жасады, ескерту алды, тәртіптік изоляторға қамалды” деп тізбелеп көрсеткен. Ол ҚАЖД мекемесінің “Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы” заңның 2-баптың А тармағына сілтеме жасап (“қауіпті қайталануы кезінде жасалған қылмыстары, сол сияқты террористік немесе экстремистік қылмыстары, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстары үшін”) бақылауға тиістілігін көрсеткенін айтады.

«Бірақ мен адвокат ретінде мұнымен келіспеймін. Себебі, Боқаев Атыраудағы УГ-157/9 мекемесінде ешқандай ескерту алмаған, оның мінез-құлқына қатысты ешқандай дәрежелеу жоқ. Оның үстіне Боқаев өзін “заңсыз сотталдым, кінәсізбін” деп санайды. Ол жазасын өтеу уақыты кезінде мекемеге дезорганизация жасау тәрізді әрекетке бармаған», – дейді адвокат.

Макс Боқаевтың жазасын өтеу уақыты 4 ақпанда аяқталады.

48 жастағы Макс Боқаев 2016 жылғы қарашадан бері түрмеде отыр. Бес жыл бұрын, 24 сәуірде Атырауда мыңдаған адам алаңға жиналып, жерді шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірген. Атырауда басталған наразылық кейін елдің басқа аймақтарында да жалғасып, билік жерді шетелдіктерге жалға беруге уақытша мораторий жариялаған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар Макс Боқаевты “саяси тұтқын” тізіміне қосқан, ал ресми билік елде саяси тұтқын жоқ деумен келеді.

17 желтоқсанда Азаттыққа берген сұхбатында Макс Боқаев “Түрмеден шыққан күні алаңға барамын” деген.


Сондай-ақ қараңыз