Ақмола облысы Целиноград аудандық соты 23 тамызда кешке Алматы облысының тұрғыны Ұласбек Ахметовтің үстінен қозғалған әкімшілік істі онлайн режимде қарады. 42 жастағы Ахметов сотқа Қарасай аудандық полиция басқармасынан видеоконференция арқылы қосылып, қатысты. Сот 8 тамызда марқұм белсенді Дулат Ағаділдің ауылында белсендінің үйінен бейітке дейін “заңсыз шеру жасады” деп айыпталған Ахметовті он күнге қамады.
Прокурордың айтуынша, Ұласбек Ахметов “Бейбіт жиынды ұйымдастыру тәртібі туралы” заңды қасақана бұзған. Ал жауапкер сотта бұл айыпты жоққа шығарып, Ағаділді еске алу шарасына ғана қатысқанын айтты. Ол сонымен бірге полиция саяси көзқарасына байланысты адамдарды алалап, үстінен іс ашып отыр деп санайды.
22 тамызда кешке Алматыда полиция департаментінің алдында бір топ адам ұсталғандарды босатуды талап етіп жатқан шақта Ұласбек Ахметов Facebook желісінде шарадан тікелей эфирде хабар таратқан болатын. Сол күні Алматы, Ақтау, Нұр-Сұлтан қалаларында полиция ондаған белсендінің үйінде тінту жүргізіп, кемінде бірнеше адам қамауға алынған. Полиция қызметкерлері бұл әрекетті “қылмыстық істер бойынша жүргізіліп жатқан тергеу амалдарымен” байланыстырған.
23 тамызда кешке Целиноград аудандық соты сонымен бірге Алматы облысы Қарасай ауданының тағы бір тұрғыны Қайрат Қылышевке сот шешімін шығарған. Жексенбі күні оның үстінен қозғалған екі іс қаралды. Алғашқы іс бойынша Қылышевке Ағаділдің ауылында 24 шілдеде “заңсыз шеруге қатысты” деген айып тағылған. Екінші істе де дәл сондай айып, бірақ ол Қылышевтің 8 тамыз күнгі “әрекетіне” байланысты ашылған. Екі істі екі бөлек судья қарады. Екеуі де оған 8 күн қамау жазасын берді.
Азаматтық белсенді Дулат Ағаділ ақпан айында Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған. Оның өлімінен кейін Қазақстан қалаларында наразылық шаралары өтіп, оған қатысқан азаматтар белендінің өліміне билікті кіналады.
Ағаділ қазасынан кейін оның достары мен таныстары ақша жинап, Ақмола облысы Талапкер ауылында асар ұйымдастырып, белсендінің бітпеген үйін бітірді, жұртты шақырып ас берді.
8 тамызда Талапкер ауылында өткен Ағаділ асында марқұмның туыстары белсендінің отбасына көмек берген адамдарға алғыс айтып, оның өліміне байланысты жабылған қылмыстық істі қайта ашуға күш салатынын жеткізді. Осыған дейін прокуратура “Ағаділ жүрек ұстамасынан қайтыс болды” деп шешім шығарған еді.