Украинада қастандықпен қайтыс болған «Басе» Youtube арнасының жетекшісін өлтіруге кімнің тапсырыс бергені әлі ашылмады
Белгілі оппозициялық журналист, «Басе» YouTube арнасының жетекшісі Айдос Садыковқа қастандық жасалып, салдарынан оның қаза болғанына бір жыл болды. Бір жылдың ішінде Садыковтың өліміне байланысты шындық ашылды деп айта алмаймыз.
Бұл датаға орай «Басе» арнасының журналисі, Айдостың жары – Наталья Садыкова видео материал жариялап, қылмысқа қатысы болуы мүмкін жаңа деректер жариялады. Атап айтқанда, Наталья Садыкова ҰҚК қызметкері Артур Мурзагулов журналистке жасалған қастандыққа қатысы болуы мүмкін деп айыптады. Оған бірқатар дәлелдер келтірді. Садыкованың айтуынша, Мурзагулов оларды биыл Прага қаласында аңдуға қатысты. Одан бөлек, Мурзагуловтың қай әскери бөлімшеде қызмет ететінін де жария етті.
Біз бұл материалдарды өзіміз тексере алмаймыз. «Басе» арнасының материалын да толық қайталауды жөн деп санамаймыз.
Ресми мәліметтерге қарағанда, оны Украина прокуратурасы таратты, Садыковқа қастандық жасауға Қазақстанның екі азаматы – Алтай Жаканбаев пен Мейрам Каратаев қатысты. Соның ішінде, Қаратаев оған оқ атты делінеді. Содан бері Қаратаевтың қайда жүргені белгісіз. Алтай Жақанбаев ресми мәліметтерге қарағанда, алдымен қамауға алынғанымен, кейін ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасымен бостандыққа шықты. Қазақстан прокуратурасы Жақанбаевты тергеу амалдарын жүргізу үшін Украинаға жіберуден бас тартты. «Келтірілген материалдар жеткіліксіз» деген негіз айтқанын да украин басылымдары жазды.
Шынында да, қазір Айдос Садыковтың қазасына қатысты Қазақстанның ресми орындары ешқандай мәлімет таратпайды. Бұл қылмыс болмаған тәрізді. Мүлдем ештеңе айтылмайды. Алғашқыда Қазақстан президенті Тоқаев Айдос САдыковқа жасалған қастандыққа қатысты өзі пікір білдірген еді. «Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмыс», деген еді ҚР президенті.
Алайда, Қазақстанның тергеу орындары бұл қылмысқа қатысты бірде бір дерек жарияламады содан бері. Садыковты атуға кім бұйырды? Оған қастандық жасауды ұйымдастырған кім? Одан бөлек, қастандық жасағандар Украинадан санаулы уақыттың ішінде қалайша шығып кетті? Бұл тұрғыда Украина арнаулы қызметіне де түрлі сұрақтар қоюға болады. Соғыс болып жатқан елде қастандық жасағандар қалайша мемлекет аумағынан оңай шығып кете алды? Бір сөзбен айтқанда, сұрақ көп, бірақ жауап жоқ.
Айта кетерлігі, Айдос Садыковқа қастандық жасамастан бұрын олардың отбасын қаралайтын түрлі материалдар жарық көрді. Тіпта ақпараттық арандатулар да орын алғанын айтқымыз келеді. Мұның артында кім тұрғаны белгісіз. Тергеу әділ түрде жүрсе, барлығы ашылады деген үміттеміз.
Айдос Садыков – ұзақ жылдардан бері авторитаризмге қарсы күресіп келген журналист, саяси белсенді. Ол бірқатар оппозициялық партиялардың мүшесі болды. Ақтөбеде көптеген наразылық шараларын ұйымдастырып, митингтерге шыққанымен танылды. Наталья Садыкованы қудалауға алған соң отбасымен бірге Киевке көшіп кетті. Украинадан «Басе» YouTube арнасын жүргізіп, Назарбаев билігін қатаң сынға алды. Соңғы жылдары Қаңтарға қатысты, саяси қудалауларға байланысты біраз материалдарды жариялады. Биліктегі шенділердің жемқорлығын әшкерелеумен айналысты. Садыковтың қазасының артында саяси астар барын ешкім де жоққа шығара алмайды.