• Басты
  • >
  • Қазақстандағы еңбек құқығы: Пандемия кезінде 4 миллион адам табыссыз қалған

Қазақстандағы еңбек құқығы: Пандемия кезінде 4 миллион адам табыссыз қалған

27.06.2020

Бүгін АҚмЗСЖҚХБ аясында «Қазақстандағы еңбек құқығы: карантин кезеңіндегі ерекшеліктер» мәселесі бойынша онлайн баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға АҚмЗСЖҚХБ директорының орынбасары Денис Дживага және АҚмЗСЖҚХБ Шығыс Қазақстан филиалының директоры Қуат Рахымбердин қатысты.

Денис Дживагоның сөзінше, пандемия кезінде Қазақстанда адам құқығымен қатар еңбек құқығы мәселелері де өзекті болып отыр.

«2019 жылдың қыркүйек айынан бастап Қырғызстанның «Солидарность» орталығымен біріге еңбек құқығына байланысты жобаны бастадық. Пандамия кезінде адам құқықтары, азаматтардың еңбек құқығы мәселелері өте өзекті. Өкінішке орай, бұл мәселе күрделеніп келеді. Сол себепті де бұл жоба өте маңызды. Қазақстанда бұл жобаны АҚмЗСЖҚХБ Республика бойынша жүзеге асыруда. Осы уақыт аралығында біздің заңгерлер 280-ге жуық еңбек құқығын бұзу фактісін тіркеді, 50-ден аса ақпараттық материалдар жарияланды, 700-ге жуық адамға құқықтық көмек көрсетілді. Бұл сандар мәселенің түпкілікті көрінісі емес, ол алдағы уақытта өсуі де мүмкін. Біз осы бағытта алдағы уақытта да жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз», – деді Дживага.

Қуат Рахымбердиннің пікірінше, қазір пандемия әлем бойынша 3,5 миллиард адамның жұмысына әсер еткен және ол Қазақстанды да айналып өтпеген.

«Халықаралық сарапшылардың мәліметінше, қазірдің өзінде пандемия әлем бойынша 3,5 миллиард адамның жұмысына әсер еткен. Бұл Қазақстанды да айналып өтпеді. Осыдан екі ай бұрын сарапшылар Қазақстанда пандемия 2,5 миллион адамның қызметіне әсер етеді деген болжам айтқан. Бірақ үкіметтің өзі коронавирус пандемиясы 4 миллион адамның жұмысына зиянын тигізгенін мойындады. Бұл өте үлкен мәселе. Осыған байланысты көптеген еңбек жанжалдары болуы мүмкін. Оны шешу үшін жаңа технологиялар жасау қажет. Бұл технологияларды біз жоба аясында ұсынып отырмыз. Біздің заңгерлеріміз үкіметтік органдармен бірігіп түсіндіру жұмыстарын жүргізуде», – деді Рахымбердин.

Бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов наурыз-сәуір айларында ел бойынша жұмыссыз, табыссыз қалған адамдардың саны 4 миллионнан асқанын мәлімдеген. Оның сөзінше, бұл көрсеткіш мамыр-маусым айларында 700 мыңға дейін төмендеген.