• Басты
  • >
  • Полиция таяғымен зорлаймыз деп қорқытқан

Полиция таяғымен зорлаймыз деп қорқытқан

22.11.2021

Қылмысты азаптау арқылы мойындату Қазақстан тергеу орындары үшін қалыпты практика. Ол туралы бәрі біледі, сонымен қатар, азаптау әдетте жазасыз қалатынына да көпшіліктің еті үйренген. Кезекті сондай іс бойынша бізге адвокаттың хаты келді.

«Қылмыстық полиция басшысының кеңсесіне кіргізіп, күшпен еденге отырғызып, еден жуғыш ағаш таяққа скочпен таңып, үш қызметкер, мекеме басшысы Жандарбек С. қоса алғанда аяусыз соққыға жыққан. Сол уақытта кабинетке тағы екі полиция қызметкері қара целофан пакет алып келеді. Оны Жандарбек С. ұсталған Ж. (айыпталушының аты қысқартылған) басына кигізіп, тұншықтырады. Азаптау он сағатқа, Ж. есінен танып, оны фельдшер келіп екпемен есін жиғызғанға дейін жалғасады. Есін жиған Ж. тергеушінің дайындап қойған протоколына қол қойып береді, себебі, енді қарсыласса полиция таяғымен зорлаймыз деп қорқытады». Бұл бізге келіп түскен Ж. адвокаты Сейфулла Ш.М.-ның хатынан үзінді. Адвокаттың жазуынша, сипатталған қылмыс үшін бір де бір полиция қызметкері жаза алмаған.

Ресми статистика бойынша 2020 жылы Қазақстанда азаптау бабымен бір де бір полиция қызметкері сотталмаған. Бірақ, бұл елде азаптау жоқ деген сөз емес. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды» принципімен азаптауға қатысты ашылған істер тергеуден аспайды, сотқа жетпейді. Іс ашылып, сотқа жетпеген сондай істердің бірі сотталушы Ж.-ның ісі. Азаптаудың сипатын, іске қатысты барлық құжаттарды бізге Ж.-ның адвокаты Сейфулла Ш.М. ұсынды.

Хатта сипатталған жағдайды ұсынылған құжаттар толық дәлелдейді. Азаптау 23.01.2019 жылы Түркістан облысы, Отырар ауданы, Қылмыстық полиция басшысы Жандарбек С.-ның кабинетінде орын алған. Сол күні сағат 11.15 кезінде Жандарбек С. мен полиция қызметкері Нурбеков С. сотталушы Ж.-ны кабинетке алып келеді. Ары қарайғы жағдай жоғарыда сипатталған.

Азапталған Ж.-ның көптеген арыздарынан кейін 26.10.2020 жылы Түркістан облысы жемқорлыққа қарсы агенттік тергеушісі Д.Аманбай Қылмыстық кодекстің 146 бабы, 1 бөлімі бойынша іс қозғайды. Тергеу ісі басталады.

Алайда, сол Д.Аманбай 25.12.2020 жылы тергеуді ақтау, дәлелдің жеткіліксіздігі салдарынан істі тоқтату туралы қаулы шығарады.

Жоғарғы сот тергеушінің қаулысын күшінде қалдырып, азапталушының адвокаты ұсынған дәлелдерді есепке алмайды.

Адвокат бізге ұсынған құжаттай дәлелдерге сай іс қозғауға толық негіз болған. Біріншіден, күдікті Ж. 23.01.2020 жылы тергеу изоляторына қабылданған күні кезекші фельдшер Н.Абраимова оның денесінде ешқандай жарақаттың болмағанын растайды. Тиісті медициналық құжаттар толтырылған.

Ал күдікті айыпты азаптаудан кейін мойындадым дегеннен кейінгі 31.01.2019 жылы болған медициналық тексеру оның денесінде жарақаттардың болғанын көрсетеді. Тиісті медициналық құжаттар бар. Тергеуші Д.Аманбай л құжатардың бірін де есепке алмаған. Сонымен қатар, тергеу барысында 23.01.2019 жылы айыпталушы Ж.-ны ессіз күйінде тергеуші кабинеті жанында көрген, есін жиғызған жедел-жәрдем фельдшері Айтымбетов Ә.Ш.-ны куәгер ретінде тергеуге шақырмаған. Айыпталушы Ж. арызында көрсетілген, аты анықталмаған, азаптауға қатысты делінген полиция қызметкерлерін анықтау, беттестіру сияқты істердің бірі атқарылмаған.

Сол себепті адвокат Сейфулла Ш.М. айыпталушы Ж.-ға қатысты азаптаудың толыққанды тексерілмегенін, оның заңды құқығы мен ар-беделі аяқ асты етіліп, азаптаумен алынған мойындауды салдарынан жазықсыз түрмеде отырғанын жазады. Адвокаттың сөзінше, ұлдарына қатысты әділетсіздіке көне алмаған ата-анасы соттың шешімінен кейін денсаулықтары нашарлап, бақилық болған.


Сондай-ақ қараңыз