• Басты
  • >
  • "Оян, Қазақстан" өкілдері Әсия Төлесованы қолдап наразылық акциясын өткізді

“Оян, Қазақстан” өкілдері Әсия Төлесованы қолдап наразылық акциясын өткізді

10.06.2020

«Оян, Қазақстан» қозғалысының өкілдері Әсия Төлесованы қолдап Алматы қалалық тергеу сотының алдында наразылық акциясын өткізді.

Қолдарына «Әсияны босат», «Әділ сот» деген плакат ұстаған жастар Әсия Төлесоваға бұлтартпас шара қолдануға байланысты сотты онлайн көрсетуді талап етіп, «онлайн трансляция» деп айқайлады.

Белсенді Әсия Төлесова осы аптаның басында «билік өкілін қорлау» бабы бойынша күдікті ретінде қамауға алынған. Бұған дейін тергеуші оны сот басталғанға дейін қамауда ұстауға өтініш түсірген. Қорғаушы тарап тергеушінің талабы негізсіз екендігін айтып, қарсылық білдірген.

Қылмыстық-процессуалдық кодекске сәйкес, қамау шарасы кемінде бес жыл жаза қарастырылған күдіктілерге қатысты қолданылады.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Әсия Төлесованың жанында тұрған полиция қызметкерін ұрғаны бейнеленген видео тараған. Бұл оқиға 6-шы маусым күні Алматы қаласында билікке қарсы митинг кезінде болған.


Сондай-ақ қараңыз