• Басты
  • >
  • Кибербуллинг: Ғаламторды бұғаттау немесе медиа сауаттылық

Кибербуллинг: Ғаламторды бұғаттау немесе медиа сауаттылық

28.10.2021

Жасөспірімдер арасындағы агрессияға не әсер етеді және ол табиғи құбылыс па? Желіде арандатудың қандай түрлері бар, оған қалай қарсы тұруға болады? Әлеуметтік желіні бұғаттау жасөспірімдерді кибербуллингтен қорғай ма?

Қазанның 22-і күні Адам құқығы мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының ұйымдастыруымен «Балалар мен жастар құқығы және кибербуллинг» бойынша вебинар өтті. Бірінші блокта Қазақстан жастарының ақпарат қызметі кеңесінің төрағасы Ирина Медникова «Қазақстандағы балалар мен жастардың жағдайы» жөнінде айтты.

«Жастардың көбі желіде өзін-өзі дамытудың жолдарын іздейді. Қауіпсіздік, білім, пайдалы уақыт өткізу, жұмысқа орналасу және тұрғын үй мәселесі. Жастарда да өзгелердегідей осындай тұтынушылық талаптары бар. Бірақ ол талаптардың орындалуы үлкен мәселе. Жастар арасындағы жұмыссыздық үлкендермен салыстырғанда үш есе көп. Жұмысқа орналасқанның өзінде оған жұмыс беруші тиісті жалақы төлейді деген кепілдік жоқ. Осыған байланысты көп жағдайда жастар кедейлік шегіне жақын жағдайда өмір сүруге мәжбүр. Бұған қосы, жастар елде болып жатқан оқиғаларға өзінің көзқарасын білдіргісі келеді. Бірақ саяси өмірде олардың көзқарасы еленіп жатқан жоқ», – дейді Медникова.

Бұған қосы Ирина Медникова Қазақстанда жастардың саны жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, бұл алдағы уақытта бәсекелестік пен конфликтті жағдайлардың артуына алып келеді. Бұдан бөлек, елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күнделікті мәселеге айналып кетуі, балалар агрессиясын тудырады. Өйткені балалар отбасында көргенін өзінің айналасына көрсетеді.

Буллинг, моббинг, тролинг…

«Көп жағдайда біз суицидтік іс-әрекетке, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа назар аударамыз. Көбіміз ғаламтордың балалардың көңілін аулау құралы ғана емес, қауіп екенін байқай бермейміз», – дейді Адам құқығын қорғау бюросының Маңғыстау облыстық бөлімшесінің басшысы Александр Муха.

Александр Муха келтірген мысалдар арасында ғаламторға тәуелділік, кибербуллинг, физикалық және психикалық зорлық-зомбылық бар.

«Кез келген адам, «еңбектеген баладан, еңкейген қартқа» кибербуллингтің құрбаны болуы мүмкін. Бірақ көп жағдайда кибербуллингке жасөспірімдер түседі. Оған қалай қарсы тұруға болады? Оның жолы өте қарапайым. Егер сіз балаңыздың немен айналысып, неге қызығатынына шын көңіл бөлетін болсаңыз, бала сізге ашылады және оны бақылау оңай болады. Бұған қосы, әр кез киберқауіпсіздік болуы тиіс», – дейді Муха.

Бұғаттаудың орнына медиа сауаттылық қажет

MediaNet  халықаралық журналистика орталығының сарапшысы Игорь Братцев әлеуметтік желілерді бұғаттау мәселені шешпейтінін айтады. Оның орнына жасөспірімдер арасында медиа сауаттылықты арттыру қажет дейді ол.

«Медиа сауаттылықты арттыру ұзақ мерзімде тиімді нәтиже береді. Балаларға мектеп кезінен факчекингті, яғни жала жабу мен манипуляцияны қалай тексеру керектігін үйрету қажет», – дейді Братцев.


Сондай-ақ қараңыз