АҚмЗСЖҚХБ – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстан халықаралық бюросы
  • Басты
  • >
  • Тәуелсіз дәрігерлер "саяси тұтқын" Кенжебек Әбішевтің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтады

Тәуелсіз дәрігерлер “саяси тұтқын” Кенжебек Әбішевтің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтады

04.05.2021

“Аман-саулық” қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова Алматы облысы Заречныйдағы түрмеде қамауда отырған “саяси тұтқын” Кенжебек Әбішевтің өміріне қауіп төніп тұрғанын айтты. Ол бұл мәлімдемесін 4 мамырда Адам құқығы және заңдылықты сақтау халықаралық бюросы өткізген онлайн жиында айтты. Бұл жиында Әбішев отырған түрмедегі “психологиялық қысым, күш қолдану мен сотталушылардың шағымы” да талқыланды. Жақында осы түрмеде “саяси тұтқын” Алмат Жұмағұловтың соққыға жығылғаны хабарланған еді.

Заречныйдағы ЛА-155/14 мекемесінде отырған Кенжебек Әбішев жақында “түрмедегі заңсыздықтарға” қарсылық білдіріп, аштық жариялап, артынша ауруханаға түскен. Дәрігерлер одан жүрек ишемиясы ауруын анықтаған еді. Бақыт Түменованың сөзіне қарағанда, Әбішевтің амбулаторлық картасы тәуелсіз сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде оның түрлі ауруға шалдыққаны анықталған.

– Бұл картаға сараптамалық талдау жасағаннан кейін 1966 жылы туған Кенжебек Жақсылықұлы Әбішевтен көптеген ауру мен диагноздар анықталды: жүрек ишемиясы, стенокардия, екінші функционалды класс, гипертензияның үшінші кезеңі, созылмалы жүрек жетіспеушілігі, өкпе ауры, Б категориясындағы ремиссия кезеңі, пневмосклероз, бірінші дәрежедегі тыныс алу жетіспеушілігі және қант диабеті, – деді Түменова.

Оның сөзіне қарағанда, мұндай ауру түрлеріне шалдыққан адам кез келген жағдайда инфаркт немесе инсультқа шалдығуы мүмкін. Сондықтан оған мүгедектік берілуі мәселесі қаралуы тиіс. Қор жетекшісінің айтуынша, медициналық құжаттар түрмеде оған қажетті дәрежеде медициналық көмек көрсетілмейтінін де көрсеткен.

“Науқастың жағдайы өте ауыр, бірқатар ауыр ауру түрлеріне шалдыққан. Түрмеде отырғандықтан және күш қолдану, психологиялық қысым сияқты мәселелерге кезігіп отырғандықтан ондай науқастың жүрегі тоқтап қалуы оңай” деп түйіндеді Бақыт Түменова.

Сәуір айының соңында дәл осы түрмеге әскер кіргізіліп, тінту шаралары жүргізілгені, онда қамауда отырған тағы бір “саяси тұтқын” Алмат Жұмағұловтың соққыға жығылғаны хабарланған еді. 4 сәуір күнгі жиында құқық қорғаушылар Адам құқығы бюросы жалдаған адвокаттың Алмат Жұмағұловқа кіре алмағанын, түрме әкімшілігі карантинді “сылтауратып”, ішке кіргізбегенін айтты. Адвокат Алматпен онлайн видеомен ғана сөйлесе алған.

29 сәуірде Адам құқығы және заңдылықты сақтау халықаралық бюросының сайтында осы түрмеде жазасын өтеп жатқан 42 тұтқынның мәлімдемесі жарияланды. Әскери прокурор мен Адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросына бағытталып жазылған ұжымдық мәлімдемеде тұтқындар тінту кезіндегі заңсыздықтарға шағымданған. Онда хат авторлары ұлттық гвардия қызметкерлерінің сотталушыларды шығарып тастап, камераларын тексергенін, соның салдарынан кейбір тұтқындардың тыйым салынбаған заттары да жоғалғанын жазған. Заттарды тәркілеу актісі толтырылмаған.

“Шара тінтуден гөрі ойран, бүлік және тонауға көбірек ұқсас. Прокурор немесе ұлттық гвардия командирін шақыру туралы заңды талап айтып едік, қызметкерлер тұтқындарға тіл тигізіп, қорқытып, балағаттады. Сотталушылар А.Жұмағұлов, П.Занканчиди, В.Новиков, С.Липченко және өзге сотталушылар соққыға жығылды” делінген мәлімдемеде.

Адам құқығы бюросының жазуынша, Азаптаумен күрес коалициясы адвокаттар арқылы алынған шағымдарға сүйене отырып, Қазақстанның құзырлы органдарына оқиғаны зерттеу туралы талап қоймақшы.

Бұған дейін Алматы облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаменті түрмеде “тінту жүргенін” растап, бірақ Алмат Жұмағұловтың соққыға жығылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған еді.

“Жиһадшылар ісі” бойынша жауапқа тартылған Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішев 2018 жылы “терроризмді насихаттау” және “ұлттық алауыздықты қоздыру” баптары бойынша кінәлі танылып, сегіз және жеті жылға сотталған. Құқық қорғаушылар олардың саяси көзқарасына байланысты қудаланып отырғанын айтып, “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. Сот бұған дейін олардың түрме жазасын шартты жазаға ауыстыру туралы өтініштерін қанағаттандырмаған.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ деп есептейді және “өзгеше ойлайтындарды” қудалайды деген тұжырыммен келіспейді.