Сот белсенді Әбішевтің өтінішін қанағаттандырмады

05.06.2020

Қапшағай қалалық соты қамаудағы белсенді Әсет Әбішевтің мерзімінен босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы оның адвокаты Гүлнара Жуаспаева мәлімдеді.

Жуаспаеваның сөзінше, Әсет Әбішевтің өтініш беру кезінде ешқандай заң бұзушылығы болмаған. Бірақ арада бір күн өткенде тінту жұмыстары жүргізіліп, «заңсыздықтар анықталған».

«Сәуірдің 6-ы күні Әсет сотқа мерзімінен бұрын босатуға өтініш берді. Өтініш беру кезінде оның ешқандай заң бұзушылығы болған жоқ. 7-ші сәуір күні тінту жүргізіліп, симкарта мен телефон табылды. Тінту жұмыстарына байланысты құжаттар берілген жоқ… Сот айыппұлдар өтініш бергеннен кейін салынғанын және істің саяси астары бар екенін ескерген жоқ», – деп жазды адвокат сәуірдің 5-і күні өзінің «Facebook»  парақшасына.

Бұдан бөлек, Гүлнара Жуаспаеваның айтуынша, Әсет Әбішев қазір денсаулығына байланысты медицина бөлімінде жатыр.

8 сәуірде Заречный кентіндегі 155/14 колониясында азаматтық белсенді Әсет Әбішев «коронавирусқа байланысты қауіпсіздік шарасын күшейтуді, тұтқындарға қосымша маска беруді, дезинфекция жасауды талап еткені үшін карцерге қамалғанын» белгілі болған. Кейіннен оның колония басшылығына наразылық білдіріп, изоляторда аштық жариялағаны жөнінде ақпарат тараған. Бұл ақпаратты мекеме басшысы Жәнібек Қосжанов та растаған. 

42 жастағы Алматы тұрғыны Әсет Әбішев Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысы бар деп айыпталып, төрт жылға сотталған. Бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Аблязов жетекшілік ететін ҚДТ-ны Қазақстан соты «экстремистік ұйым» деп таныған. Еуропарламент 2019 жылғы резолюциясында бұл ұйымды «бейбіт оппозициялық қозғалыс» деп атаған.

Әбішев 2018 жылы 5 шілдеде қамауға алынып, 2018 жылы 30 қарашада сотталған. 2019 жылы 13 ақпанда апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырған.


Сондай-ақ қараңыз