АҚмЗСЖҚХБ – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстан халықаралық бюросы
  • Басты
  • >
  • Қытай консулдығы алдында кезекті рет наразылық акциясы өтті

Қытай консулдығы алдында кезекті рет наразылық акциясы өтті

29.03.2021

Алматыдағы Қытай консулдығы алдында 50 күннен бері наразылық акциясы өтуде.

Бүгін консулдық алдына Қытайда қамауда отырған туыстарын босатуды талап етіп, бір топ әйел кезекті рет қарсылық акциясына шықты. Олар «Қытай қазақтарға қысым көрсетпесін», «Бостандық», «Қытайдың 56 зауыты кіргізілмесін», «Қытай туыстарымызды жіберсін» деп ұрандатты. Акцияға қатысушы, өзін Алматы қаласының тұрғыны деп таныстырған Майра Молдабекова Қытайдың 56 зауытын кіргізу дұрыс емес деп есептейді. Оның сөзінше, зауыт салудың орнына арғы бетте қудаланып жатқан қазақтарға араша түсу керек.

«Егер Қытай өзінің 56 зауытын әкелетін болса, онда біз әрі қарай Қытайға құл болдық деген сөз. Біз Қытайға құл болуды қаламаймыз. Өсіп келе жатқан ұрпағымыздың осылай қиналуына қарсымыз. Қытайдың онсыз да Қазақстанда қаншама зауыты бар. Бұрын өзіміздің зауыт-фабрикаларымыз бар болатын, оның барлығын құртты. Сонда біз өзіміздікін құртып, Қытайдың зауытын кіргіземіз бе? Осында тұрған аналардың балалары, інілері Қытайда сотталған. Ол жақта қазақтарды қудалап жатыр. Соны көре тұра, неге араша түспейді? Неге Қазақстанға Қытайдың зауыты келуі керек?», – дейді Молдабекова.

Қарсылық акциясына қатысушы белсенділердің бірі Байболат Күнболат «аналардың Қытайдағы туыстарына араша сұрап, консулдық алдына наразылыққа шығып жатқандарына 50 күн болғанын» айтады.

«Аналар Алматыдағы Қытай консулдығы алдындағы наразылықтарын ауа райының қолайсыздығына қарамай жалғастыруда. Бүгін 29 наурыз наразылық 50-ші күнге жалғасуда», – дейді Күнболат.

Қытай консулдығы алдындағы қарсылық акциясы ақпан айының 8-і күні басталған. Белсенділерге сол уақыттан бері консулдықтан ешкім шыққан жоқ. Жақында Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо СІМ өкілдерімен кездесуде қамауда отырған қазақтар жөнінде «олардың Қытай азаматтары екенін және заң бұзғандары үшін жазаларын өтеп жатқаны» жөнінде айтқан. Оның алдында қандастар мәселесімен айналысатын «Отандастар» қоры Қытай консулдығы алдындағы наразылықты «саяси мәселе» деп атап, «оған араласа алмайтынын» мәлімдеген.