• Басты
  • >
  • Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүргендер Қытай консулдығына тағы барды

Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүргендер Қытай консулдығына тағы барды

29.05.2024

Қытайда қамауда отырған туыстарын босатуды талап еткен бір топ адам 28 мамыр күні кешке Алматыдағы Қытай консулдығы алдына тағы жиналды. Олар мұнда келіп жүргеніне үш жылдан асқанын айтады.

Полиция оларды консулдық ғимаратына жеткізбей, жолын бөгеді. Өзін Алматы қаласы әкімдігі өкілімін деп таныстырған Рита Ерманова наразы адамдарға мұнда жиналуы заңсыз екенін айтып, өз еріктеріңізбен тараңыздар деп ескертті. Жиналғандар талаптарын айтып болған соң кететінін айтты. Қытай консулдығынан оларға ешкім шықпады.

Азаттық сөйлескен наразылардың бірі Гауһар Құрманәлиева Қытайда қамауда отырған бауыры Асқар Ызатбекке араша сұрап жүргенін айтты. Сөзінше, Қазақстан азаматтығын алған бауырын Қытай билігі 20 жылға соттаған.

– Консулдық алдына келіп жүргеніме үш жылдан асты, ал Асқар Ызатбекті іздегеніме жеті жарым жыл болды. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен Қытайдағы елшілігі бауырымды тездетіп елге жеткізгенше, түрмеге ауыстырғанша күресімді тоқтатпаймын, – деді ол.

Құрманәлиеваның сөзінше, Қазақстан СІМ-не арыз жазғаннан кейін былтыр Қазақстан елшілігінің өкілдері Асқар Ызатбекке барып қолхат алыпты. Ол Қазақстан азаматы екенін растаған және өзін елге ауыстыруды сұраған. Гауһар Құрманәлиева “бауырыма тыңшы деген айып тақты” дейді.

Алматыдағы Қытай консулдығы алдындағы наразылықпен қатар АҚШ астанасы Вашингтондағы Қытай елшілігі мен Ақ үй алдында да акция өтті. Ол жақта жиналғандар Қытай билігінен қамауда отырған туыстарын босатуды талап етіп, АҚШ билігінен көмек сұрады. Наразылар бір-бірімен Facebook желісінде тікелей эфирде қосылды.

Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап еткен адамдардың Алматыдағы Қытай консулдығы алдына келіп жүргеніне 1116 күн болды. Осы уақыт аралығында Қазақстан билігі кейбірін әкімшілік жауапқа тартты, кейбіріне айыппұл салды. Алматыдағы Қытай консулдығы арыз-өтініш айтып келген наразыларды қабылдаған емес.