Журналистің басы жарылып, түрмеге қамалды
  • Басты
  • >
  • Журналистің басы жарылып, түрмеге қамалды

Журналистің басы жарылып, түрмеге қамалды

20.03.2026

Белгілі журналист, КазТАГ агенттігінің басшысы Асет Матаевқа қарсы арандату ұйымдастырылып, оның басы жарылды дейді қорғаушысы

Алматыда «Достық плаза» ойын сауық орталығының алдында «бұзақылық» жасады деген күдікпен КАЗТАГ агенттігінің басшысы Асет Матаев қамауға алынды. 

Тергеу органдарының мәліметінше, «екі ер адам мас күйінде басқа азаматтармен жанжалдасып,  бұл төбелеске ұласқан. Ұсталғандардың арасында Асет Матаев та болды» деп хабарланады. 

Алайда, журналистің қорғаушысы Рена Керимова «Матаевқа қарсы арандату әрекеттері ұйымдастырылды» деп мәлімдеді. 

«Мен жаңа ғана қорғауымдағы Асет Матаевпен сөйлестім! Ол расымен де бұзақылық жасады деген күдікпен ұсталған. Алайда, Асеттің айтуынша, оған бұрын мүлде таныс емес бірнеше адам тарапынан арандату болған.

Кеше түнде ол досымен бірге Достық даңғылындағы бардан шығып, бірден таксиге қарай бет алған. Бірақ жолда белгісіз ер адамдармен жанжал туындаған. Асеттің сөзінше, қысқа сөз таласынан кейін шамамен 5–6 адам (арасында қыздар да болған) оған және оның досы Уалиханға шабуыл жасап, соққыға жыққан.

Жаңа ғана Матаевты сот-медициналық сараптамаға апарды, онда оның денсаулығына келтірілген зиян анықталды. Асеттің басы жарылған, басында ашық жарақат бар, сол жақ маңдай қуысының алдыңғы және төменгі қабырғасы сынған, гемосинус, сондай-ақ сол жақ маңдай тұсында соғылған жара бар.

Ол қазір өзін өте нашар сезініп отырғанын айтты. Өкінішке қарай, мен бірден Алматы қаласы Медеу ауданының полиция басқармасына бара алмадым, бірақ әріптестерім — Юлия Колпакова мен Акромат Мухтаров — барып, қазір оған заң көмегін көрсетіп жатыр» деді қорғаушы Рена Керимова.

Бұл жағдайға байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры мәлімдеме жасадыдеп хабарлайды Ұлыс медиа. Қор журналистке жасалған шабуылға байланысты алаңдаушылық білдірді. 

Ақпарат агенттігі былай жазады: «Қордың пікірінше, зардап шеккен адамның қоғамдық мәртебесін және болған оқиғаның журналистердің кәсіби қызмет еркіндігіне ықпал етуі мүмкін екенін ескерсек, бұл жағдай айрықша назар аударуды қажет етеді.

Осыған байланысты «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры құқық қорғау органдарын оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, объективті және бейтарап тергеуге; оқиғаның нақты сипатын анықтауға; денсаулыққа келтірілген зиянға тиісті құқықтық баға беруге; процессуалдық нормалардың сақталуына кепілдік беруге шақырады.

  • Қор кез келген зорлық-зомбылық жағдайы, әсіресе медиа қауымдастығы өкілдеріне қатысты болса, мұқият құқықтық бағалауды және мемлекеттік органдар тарапынан ашықтықты талап ететінін атап өтті. Бұл жағдайда тергеудің объективтілігі мен толықтығы Қазақстан Республикасында журналистік қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін принципті түрде маңызды, делінген мәлімдемеде».

Соңғы кездері КазТАГ басшысы Асет Матаевқа қысым көбейгені белгілі. Оның үстінен кәсіпкер Тимур Турловтың Freedom компаниясының арызы негізінде «Жалған ақпарат тарату» бойынша қылмыстық іс қозғалып, журналист үйқамаққа алынған еді.