• Басты
  • >
  • Жансұлу Дархамбаева бостандыққа шықты

Жансұлу Дархамбаева бостандыққа шықты

19.06.2025

Екі жылға түрме жазасына кесілген ананың жазасы өзгерді. «Ұлтаралық араздықты қоздырды» деп айыпталған Дархамбаева сот залынан босап шықты

«Сүйінші жаңалық! Жансұлу Дархамбаева түрмеден босатылды» деген хабар әлеуметтік желіде кеңінен тарады.

Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросы Жансұлудың жағдайы туралы жазған едік. Осы жылдың мамырында Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық сот Новоишимское ауылының 35 жастағы тұрғыны Жансұлу Дархамбаеваны екі жылға бас бостандығынан айырды. Сот шешімі Қылмыстық кодекстің 174-ші бабы “Ұлтаралық араздықты қоздыру” бойынша шыққан еді. Бұған себеп – Дархамбаева Тик ток желісінде үндеу жасап, Ресей президенті Владимир Путин Қазақстаннан жалға алынған жерлерді мерзімі жеткеніне орай қайтаруы тиіс деген еді. Сонымен бірге, қазақ халқының Ашаршылық жылдары көрген қиындықтарын да тілге тиек етіп, бірқатар сыни пікірлерін ортаға салды. Бұған байланысты Дархамбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалып, оның кінәсін мойындап, өкінгеніне қарамастан, сот оны екі жылға бас бостандығынан айырды. Тіпті Жансұлудың жүктілігі тоғызыншы айға жақындап қалғанына, айы күні толып отырғанына да сот назар аудармады.

Бұған байланысты жұртшылық наразылығын танытты. Шынында да, әлеуметтік желіде пікір білдіргені үшін босанғалы отырған ананы түрме жазасына кесу тым қатал жаза емес пе? Айтпақшы, сот үкімінен соң Дархамбаева босанып, дүниеге қыз баласын әкелді. Осыдан соң «Дархамбаеваға босатндық» талабын қойған онлайн петициялар әлеуметтік желіде бірінен соң бірі жариялана бастады. Оған белгілі қаламгерлер де араша сұрап, мәлімдеме жасады. Соның бірі – белгілі жазушы Ұларбек Дәлейұлы. «Жазадан босатылсын! Аяғы ауыр, босану алдында тұрған әйелге бас еркіндігінен айыру жазасын беру – гуманизм принциптеріне қайшы. Халықаралық Ана мен бала құқы жайлы заңдарға да қайшы. Азаматтық ар-намысқа қайшы! Ол – Ана, нәзік әйел! Болашақ өмірге келер Сәби Қазақстан азаматы! ҚР Қылмыстық-атқару кодексі, 167-бап: «Жүкті әйелдерге немесе кішкентай баласы бар әйелдерге жаза өтеу кейінге қалдырылады». Тілін, елінің намысын қорғаған адам жазаға тартылады да, Қазақ Елі жайлы ауызына келгенді көкіп жүргендер бостандықта. Бұл жағдай ушыға берсе, Ел ішінде зор қарсылыққа ұласуы мүмкін! Жігіттер, Жансұлуға араша түсейік, мықты заңгерлер табайық, керек болса, Қызылжарға барып, жүкті анаға бостандық талап етейік! Оңашада жаныңды азаптайтын АР соты деген бар. Ар алдында биік болайық!”, – деп жазды Ұларбек Дәлейұлы өзінің фейсбук парақшасында. Бұдан артық Дархамбаеваны қолдап, не айтуға болады? Дұрыс жазды Ұларбек дәлейұлы мырза.

Қоғам тарапынан көтерілген пікірді назарға алды ма, әлде шынында да жаңа босанған ананы соттау тым артықтық ететінін түсінді ме, құзырлы органдар күні кеше басқа үкім шығарды. Сот Жансұлуды босатуға үкім етті. Бірақ, оның айыптау үкімі күшінде қалды. Тек түрме жазасын екі жылдан соң ғана өтеуі тиіс деген тоқтамға келді. Соған байланысты, Жансұлу Дархамбаева сот залынан босап шықты. Оның сәбиі енді түрмеге емес, өз үйіне баратын болды.

Бір қуантарлығы, Конституцияның 30 жылдығына орай сәбилі аналарға қатысты рақымшылық жарияланды. Жансұлу Дархамбаева оған ілінетіні сөзсіз. Яғни, түрме жазасынан толық босатылады.