Белгілі археолог Ерлан Жағыпаров пен Алматы облысының тұрғыны Әуез Қапсалановты Қаңтар оқиғасы кезінде атып өлтірді делінетін подполковник Айтжан Аубакировқа үкім шықты.
Алматы гарнизонының әскери соты Аубакировты жеті жылға бас бостандығынан айырып, оны подполковник шенінен айырды. Одан бөлек, соттың үкімімен сотталушы Жағыпаровтың туыстарына 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуі тиіс. Қаңтар оқиғасында қаза болған Әуез Қапсалановтың туыстары өтемақы талап етпегендіктен, оларға қаражат төлеу туралы шешім шықпады. Әскери подполковник сот залында тұтқындалды.
Бұл үкімге екі тарап та – Аубакировтың туыстары да, жәбірленуші тарап та разы болмады. «Әскерилер бұзақыларды атты!» Деп айқайлады сот үкімінен соң Аубакировтың анасы.
Жәбірленуші Нұрлан Жағыпаров бұл үкімді «әділдіктің кішкентай қадамы» деп бағалады. Бірақ, толыққанды көңілі толмайтынын да жеткізді. Себебі, Нұрлан Жағыпаров та, оның өкілдері де сот барысында Аубакировты «адам өлтіру бабымен» жазаға тарту керек деген талап қойған еді. Сот бұл уәжді қабылдамады. Подполковник тек қана «қызметтік өкілеттілігін асыра пайдалану» бабы бойынша кінәлі деп танылып, соған сәйкес жазаға тартылды. «Біз әлі де күресімізді жалғастырамыз. Әділдікке жету үшін барымызды саламыз. Моральдық өтемақы деп берілетін 10 миллион теңгені Ерлан жақсы көрген петроглифтер іздеу жұмысына толық жұмсаймыз», -деді марқұмның ағасы Нұрлан Жағыпаров.
Подполковниктің қорғаушысы Ерлан Ізбановтың айтуынша, оның қорғауындағы әскери азаматтың кінәсі дәлелденбеді. «Ешқандай куәгерлер жоқ Аубакиров оқ атты дейтін. Сот медициналық сараптаманы оқып көріңіз. Онда да Жағыпаровты арқасынан оқ атты дейтін қорытынды кездеспейді. Яғни, Аубакиров қаза болған жігітке арқадан оқ атпаған. Біз міндетті түрде апелляциялық шағым түсіреміз. Үкіммен келіспейміз», – деді қорғаушы Ізбанов.
Жағыпаров пен Қапсалановтың қазасына байланысты сот процестері алғашқыда ашық түрде өткенімен, кейіннен оны жабық форматқа ауыстырды. Яғни, сотта айтылған мәліметтердің көбі көпшілік үшін жабық күйінде қалды. Жағыпаровтың туыстары әділдікке қол жеткізу үшін, яғни, археолог қазасына жауапты адамдарды жазаға тарту үшін үш жыл күрескендерін айтқан еді. Неліктен тергеу орындары Аубакировты жазаға тартты? Себебі, Жағыпаров пен Қапсалановтың денесінен табылған оқ іздері дәл осы Аубакировтың автоматынан атылған деген қорытынды шықты. Ол үшін әскери бөлімдегі көптеген қару құралдарынан оқ атылып, тексеріліп көрген. Аубакировтың өзі 6 қаңтар күні, яғни, Жағыпаров пен қапсаланов қайтыс болған күні, оқ атқанын басшылыққа хабарламаған. Таңертең кезекшілікке шыққанда қанша оқпен кетсе, дәл соны әскери бөлімшеге қайта оралғанда тапсырған. Бір сөзбен айтқанда, оқ атқанын мүлдем жасырған. Егер тергеу органдары, Жағыпаровтың туыстары жан жақты ізденбегенде, екі адамның қазасына жауапты адам түрме жазасынан сытылып кетер еді.
Десек те, екі бірдей адамның өлімі үшін небәрі жеті жыл түрме жазасына кесу жеңіл деп санайтындар да баршылық. Расында да, неге подполковникті «адам өлтіру» бабы бойынша жауапқа тартпады? Сонда қызмет жасап жүргенде әскерилер әлдекімге оқ атса, ол «адам өлтіру» емес, «қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану» болып санала ма? Міне, осы сұрақты Жағыпаровтың туыстары барынша көтерді. Бірақ, сот бұл талап арызды қайтарып тастады.