Қазақстанда ел азаматтарының ғана емес, шетел инвесторларының да құқығы қорғалмайды. Осындай мәселені көтерген қорғаушы Ернар Кенжебаев Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді.
«Бүгін мен Түркиядан келген инвестор Эбубакир Дастанның мәселесін қозғағым келіп отыр. Оны «экономикалық контрабанда» жасады деген айыппен 11 жылға соттап жіберді. Бірақ, тергеу орындары бұған нақты дәлел де, дәйек те келтірген жоқ. Қазіргі таңда ол Павлодар абақтысында жазасын өтеуде» деп бастады Кенжебаев.
Қорғаушының сөзінше, Эбубакир Дастан Қазақстанға қаржысын салып, біздің елде кәсіпкерлікпен айналысқан. Оның негізгі жұмыс орны Түркістан облысында орналасқан. Бірақ, оны Ұлттық қауіпсіздік комитеті «экономикалық контрабандамен» айналысты деген айыппен 11 жылға соттайда. Бастысы, іс материалдарында түркиялық инвестордан алынған бірде бір тергеу материалдары жоқ. Яғни, Дастан мырзадан ешкім де сұрақ-жауап та алмаған. Не тергеу кезінде, не сот процесінде. Күдіктінің өзінен тергеу алмай, оны соттап жіберу бұрын соңды болды ма? Біздің есімізде ондай жағдай болған емес. Қорғаушы да соны айтты. Сонымен бірге, Дастан мырзаға қарсы куәлік еткен адамдардың барлығы дерлік азаптауға түскен. Бұл құр сөзбен дәлелденбейді. Сол азаптауды жасаған ҰҚК қызметкерлері де сотқа тартылып, олардың өзі жасаған қылмыстары үшін түрме жазасына кесілген.
Қарапайым тілмен түсіндірсек былай. Түркиялық инвестордың үстінен іс қозғап, оны түрмеге жабады. Оған қарсы бірнеше адам куәлік етеді. Бірақ ол куәгерлердің өздері де түрмеге қамалып, оларды әбден ұрып-соғып, қинаған, азаптаған. Кейіннен оларды ұрған ҰҚК қызметкерлері түгелдей ұсталып, өздері сотталған. Яғни, азаптау фактісі дәлелденді ме? Дәлелденді. Соттың үкімімен! Соған қарамастан, түркиялық инвестор жазаға тартылып, одан бірде бір тергеу алынбастан 11 жылға сотталып кеткен.
Қорғаушы Кенжебаев оған іс материалдары әлі толық берілмегенін айтады. Себебі, қазіргі таңда бұл қылмыстық істі Бас прокуратура тексеріп жатыр. Ендігі кезекте Дастан мырзаның қорғау тарапы қылмыстық істі қайтадан қарау туралы өтініш түсірмек. Егер прокуратура бұған да назар аудармаса, онда Жоғары сотқа жүгінуден басқа амалы қалмайды.
Айтпақшы, бұл жағдай халықаралық дауға алып келуі де мүмкін. Себебі, Эбубакир Дастанның мәселесін қазақстандық ақпарат құралдары ғана емес, Түркия басылымдары да жазып жатыр. «Түркия азаматы әрі инвесторы Қазақстанда заңсыз сотталды» деп дабыл қағуда шетел ақпарат құралдары. Шынында да, бұл жағдай Қазақстан мен Түркия сияқты бауырлас елдің арасына сына қақпаса да, түсінбестік тудыруы әбден мүмкін. Өзіңіз ойлаңызшы, Түркияда қазір қаншама Қазақстанның азаматы жүр. Олардың арасында да бауырлас елде кәсіппен шұғылданып жатқандар баршылық. Соның бірін әділетсіз түрде Түркияда соттап, ұзақ жылға түрмеге қамап тастаса, біздің қоғам әрі мемлекет бұған қалай қарар еді? Үлкен сұрақ туындар еді. Ең кемінде, тергеуді әділетті түрде жүргізіп, барлық мән-жайды жария түрде айқындауды талап етер еді.
Иә, Түркияның 85 миллион азаматы бар. Әлемнің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп жатқаны да аз емес. Сонау Қазақстанға келген Эбубакир Дастан сияқты азаматы да бар. Бірақ, ол да Түркия азаматы. Яғни, түрік мемлекетінің қорғауындағы азамат. Демек, оның үкіміне қатысты сұрақ Түркияда да туындайды. Бұл жағын тергеу орындары ескерді ме?
Қорғаушының талап етіп отырғаны – әділетті түрде тергеу жүргізіп, ашық сот өткізіп, түркиялық инвестордың нақты қандай қылмыс жасағанын я жасамағанын анықтау. Сонымен бірге, әділдік тек қана шетел азаматтарына ғана емес, Қазақстанның әрбір азаматына қатысты болуы керек дегенді баса айтты.
Қазақстан – шетел инвестициясына зәру ел екенін билік қашан да айтып жатады. Сырттан инвестиция неғұрлым көп келсе, соғұрлым сол елдің экономикасы табысты, алға жылжып жатыр дегенді білдіреді. Эбубакир Дастан сияқты инвесторларды соттап, қудалап жатсақ, оның соты мен тергеуін күмәнді етіп өткізсек, бізге инвестиция салуға қорықпай ма шетелдіктер? Бұл да үлкен мәселе. Сондықтан, бұл қылмыстық іс қайтадан тергеліп, әділетті үкім шығуы тиіс деп ойлаймыз.