Сот Әсет Матаевты үйқамаққа алудан бас тартты
  • Басты
  • >
  • Сот Әсет Матаевты үйқамаққа алудан бас тартты

Сот Әсет Матаевты үйқамаққа алудан бас тартты

28.01.2026

Тергеу органдары КАЗТАГ жетекшісін үйқамаққа алу туралы өтініш хат жолдап, журналисті оқшауламақ болды

27 қаңтар күні тергеу органдары КАЗТАГ ақпараттық агенттігінің жетекшісі Әсет Матаевты үйқамаққа алу туралы өтініш хат дайындап, оның ісін Алматы ауданаралық тергеу соты қарады. 

Журналистің қорғаушысы Елена Жигаленок былай деді: «Енді Әсет Матаевты  да үйқамаққа алу кезегі келді. Бүгін кешке Алматының тергеу сотында «МИА КазТАГ» ЖШС директоры Матаев Әсетке қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініш қаралады. Жалпы бұлтартпау шарасын таңдаудың, әсіресе дәл осындайын қолданудың қандай қажеттілігі бар? Менің жауабым – КазТАГ-ты жою. Қазір бас редактор Касенов Әмір үйқамақта отырғанда, байланыссыз әрі шығармашылық үдерісті басқару мүмкіндігінсіз қалып отыр, ал енді директор Матаев Әсетті де үйқамаққа жіберу жоспарлануда – ол да байланыссыз және қаржы-шаруашылық қызметті басқару мүмкіндігінсіз қалады. Мұндай жағдайда ЖШС-тің, қызметкерлердің, шарттық және салықтық міндеттемелердің тағдыры не болмақ?». 

Естеріңізге сала кетсек, Freedom Finance қаржылық институтының жетекшісі Тимур Турловтың арызының негізінде КАЗТАГ жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған еді. Атап айтқанда, КАЗТАГ-тың құрылтайшысы Әсет Матаев пен оның бас редакторы Әмір Қасеновтың үстінен «Көрінеу жалған ақпарат тарату» (274-бап) айыбы тағылды. Қасеновты Астана тергеу соты үйқамаққа алу туралы шешім қабылдады. 

Ендігі жолы тергеу органдары Әсет Матаевты да үйқамаққа алу туралы бұлтартпау шарасын таңдау қажет деп тапты. Не үшін? Журналистің жұмысына шектеу қою кімге керек болды? Матаевқа тағылып отырған бап – аса ауыр айыпқа жатпайды. Оның тұрғылықты жері, жұмыс орны бар. Ондай жағдайда Матаевты үйқамаққа алудың не керегі бар еді? Бұл сұраққа тергеу органдары ашық жауап бермеді. 

Сонымен, 27 қаңтар күні кешке Матаевтың ісі тергеу сотында қаралды. Сот тергеу органдарының өтініш хатын кері қайтарып, журналисті үйқамаққа алу қажеттілігі жоқ деп тапты. Матаевқа қатысты бұрын белгіленген бұлтартпау шарасы, яғни елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат өзгеріссіз қалдырылды.

КАЗТАГ жетекшілерін қылмыстық қудалауға алу туралы шешімді бірқатар халықаралық ұйымдар қатаң сынға алып, мұның Қазақстандағы сөз бостандығына қатер төндіретінін алға тартқан еді. Десе де, қылмыстық істі тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Бас редактор Әмір Қасенов әлі де үйқамақта отыр.