• Басты
  • >
  • Шешен билігін сынаған белсенді Алматыда қамалды

Шешен билігін сынаған белсенді Алматыда қамалды

22.05.2025

Мансур Мовлаев атты белсенді Алматыда ұсталып, оған Ресейге экстрадиция қаупі төніп тұр. Шешен билігін сынаумен көзге түскен белсенді еліне оралса, оның өміріне қауіп төнетіні сөзсіз

Алматыда Шешенстан билігін ашық сынаған белсенді Мансур Мовлаев ұсталып, оған Ресейге экстрадициялау қаупі төніп тұр. Полиция өкілдері оны тұтқындап, уақытша оқшаулау изоляторына қамаған еді. Қорғаушысы Мұрат Адамның хабарлауынша, тергеу соты Мовлаевты 40 күнге экстрадициялық қамауға алуға қаулы шығарды. Енді осы аралықта Мовлаевтың тағдыры шешіледі: не оны Ресей күштік құрылымдарының қолына береді, не Қазақстанда «босқын» статусы беріліп, ел аумағында қалуға мүмкіндік ашылады. Ресейде Мовлаевтың үстінен «экстремизм» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қорғаушының хабарлауынша Мансур Мовлаевты Ресейге қайтарса, олар белсендіні Шешенстан билігінің қолына берері анық. Ал бұл Мовлаев үшін өліммен тең. Себебі, шешен билігі өздерін сынағандарды қатаң жазалайды, ондай адамның тағдыры қыл үстінде тұратыны сөзсіз. Мовлаев 2020 жылы да «есірткі тасымалдады» деген айыппен қамалып, екі жылын абақтыда өткізді. Шыққан соң да шешен билігі оған қысымды тоқтатпады. Сол себепті шешен белсендісі 2022 жылы Қырғызстанға бас сауғалап қашты. Бұл елде оны «заңсыз шекараны кесіп өту» бабы бойынша соттады. Одан кейін ол Қазақстанға ат басын тіреп, шешен билігінен біздің елде қашып жүрген еді.

Мансур Мовлаевтың өзі түрмеден Шешенстан және Қазақстан халқына үндеу жасады. Хаттың мәтінін оның қорғаушысы Мұрат Адам әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Онда Мансур былай деп жазады: «Шешен халқына және Қазақстан халқына үндеу. Мені Шешенстанға экстрадицияламасын деп бар көмегіңізді беруді сұраймын. Туған жерінде жүрген шешендердің мені ашық қолдай алмайтынын түсінемін, өйткені олар бұл үшін қиындықтарға тап болуы мүмкін. Мені ашық түрде тек ТМД-дан тыс тұратын шешендер ғана қолдай алады. Сіздерден үнсіз қалмай, қолдан келген көмекті көрсетуіңізді сұраймын. Сондай-ақ мен Қазақстан халқына үн қатып, айтқым келеді: кеше менің ата-бабаларымды құтқарған Қазақстан бүгін менің өліміме себепші болмас деп сенемін».

Қорғаушысы да Мансур Мовлаев еліне қайтарылған жағдайда оның өміріне қауіп төнеді деп есептейді. Белсендінің екі ағасы – Хамзат пен Зелимханға да шешен билігі қысым көрсетіп, Мансурдың сынауын тоқтатыңдар деп талап қойған еді.

Халықаралық ұйымдар Шешенстандағы адам құқығы жағдайына үнемі алаңдаушылық танытады. Рамзан Кадыров басқаратын республикада билік сыншыларын аямайтыны белгілі. Шетелде жүрген шешендер билікке қарсы сын айтса, олардың туыстарына да қатты қысым көрсетіледі. Олар сыртта жүріп, оппозициялық көзқарас білдірген туыстарынан бас тартып жатқан жағдайлар да көп кездесті.  Мұндай жағдайда Мансур Мовлаевты Шешенстанға берсе, оның өміріне қатер төнетіні сөзсіз. Билік оған аяушылықпен қарамайтыны анық.

Айта кету керек, Мовлаев та, оның қорғаушылары да соттан оны қамауға алуды өздері сұраған. Себебі, бұл оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бір мүмкіндік деп есептейді олар. Ол қамауда отыратын қырық күннің ішінде қорғаушылары Мовлаевқа «босқын» мәртебесін сұрап, оны Қазақстанда қалдыруға әрекет жасамақ.

Қорғаушы Мұрат Адамның айтуынша, тергеу соты кезінде олар судьяға Шешенстандағы жазалау тәртібін көрсеткен. «Бұл — нағыз сұмдық! Бәрі қарап тұр, ал әйелдер жерде жатқан, өлім жазасына кесілген белсендіні көріп жылап жатыр. Тергеу судьясы бұл бейнежазбаны бізден сұрап алды және оны өзі жеке қарап шықты. Әрине, ол да бұл көріністен қатты шошыды. Мен тергеу судьясы Мансур Мовлаевты Шешенстанға экстрадициялаған жағдайда оның өміріне қаншалықты қауіп төніп тұрғанын көрсету үшін осындай өтініш жасауға мәжбүр болдым», – деді Мұрат Адам.