Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген құқық қорғаушылар Марат Жыланбаев пен Айдар Сыздықовқа түрмеде жасалып жатқан қысымға алаңдаушылығын білдірді
Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросында қамауда отырған белгілі марафоншы Марат Жыланбаев пен саяси белсенді Айдар Сыздықовтың мәселесі баспасөз мәслихатында көтерілді. Жиынға құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, саяси белсенді Әсет Әбішев және Сыздықовтың жары Айгуль Токпаева қатысты.
Алдымен сөз алған Бақытжан Төреғожина қылмыстық атқару комитеті жүйесіндегі заңбұзушылықтарды тізбелеуден бастады. Оның айтуынша, марафоншы Марат Жыланбаевтың жағдайына алаңдап, оған қатысты әділетсіздікті көтеріп, Ақмола облыстық прокуратурасына хат жазған. Алайда, прокуратура бұл хатты қарап, нақты шешім қабылдаудың орнына, оны Ақмола облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне жолдаған. Яғни, ҚАЖД өздеріне қатысты жазылған шағымды өздері қарап, «ешқандай заңбұзушылық жоқ» деген сыңайда жауап айтты. Бұған көңілі толмаған соң Төреғожина ішкі істер министрлігіне хат жолдады. Министрлік те бұл шағымды Ақмола облыстық ҚАЖД жолдап, олар қайтадан ескі сарындағы жауап берді. Адам құқығы жөніндегі Омбудсмен де өз қызметін тиісті деңгейде атқара алмай отырғанына шағымданды құқыққорғаушы. Оның басшысы Артур Ластаевтың жауабына қарағанда, Төреғожина Марат Жыланбаевтың атынан шағым жазуға құқылы емес. Себебі, құқық қорғаушы оның заңды өкілі не жақын туысы болып саналмайды. Бақытжан Төреғожина марафоншы Жыланбаевпен түрмеде кездесуде тырысқан. «Оған барып, аштықты тоқтатуын сұрамақ едім. Бізге тағы бір адамның қаза болғаны керек емес. Соны түсіндіргім келді. Беделімді салып, Марат Жыланбаевты өз өзіне зақым келтіруден сақтауды ойладым. Соның өзіне билік назар аудармай отыр», деді құқық қорғаушы.
Одан кейін сөз алған Айгуль Токпаева саяси тұтқын Айдар Сыздықовтың түрмедегі жағдайы туралы айтты. «Айдар қазіргі таңда Степногорск қаласындағы жазасын өтеу мекемесінде отыр. Ол күн сайын өзіне көрсетілген қысыммен күресіп келеді. Оны түрмеге отырғызғаны былай тұрсын, үнемі арандатулар ұйымдастырады. Президент Конституцияның отыз жылдығына орай рақымшылық заңына қол қойған соң, Айдарға түрме әкімшілігі «тәртіпті бұзды» деп ескерту берді. Ондағысы – Сыздықов мерзімінен бұрын абақтыдан босап кетпесін деп отыр. Себебі, Айдардың бабы рақымшылыққа ілінуге, сол арқылы жаза мерзімінің үштен бірін қысқартуға мүмкіндік береді. Оның түрмеде отырған күндерін есепке алсақ, биылғы жылдың қазан айында ол мерзімінен бұрын босап шығуға мүмкіндік алады.
Түрме әкімшілігі соны түсініп, біліп отыр. Сол себепті, оған «тәртіпті бұзды» деп ескерту берді. Сот оны абақтыдан босатып жібермесе деген оймен. Жазасын өтеу мекемесіндегі заңсыздықтарды айтып, шағымдануына еш мүмкіндік берілмейді. Себебі, оның арыздары сыртқа шығарылмайды. Сол себепті, Айдарға қорғаушы керек. Оған жиі кіріп тұрса, жағдайын білер едік. Бұл түрле қысымды тоқтатуға мүмкіндік берер еді. Менің өзіме де билік қысым жасап отыр. Айдардың ісі Жоғары сотта қаралатын кезде полициямен кикілжің орын алды. Сотқа кішкентай сәбиіммен бардым. Соған қарамастан, полиция мені кіргізбей, күш қолданды. Сол жерде олардың әрекетінен қорғануға мәжбүр болдым. Сәбиімді қорғауым керек болды. Енді міне, осы жағдайды сылтауратып, менің үстімнен қылмыстық іс қозғады. Бірнеше күннен соң сот басталады. Мені де соттап, Айдардың құқығын қорғамаса деген ой бұлардікі. Сол сотқа қолдау көрсетуге шақырамыз. Құқық қорғаушылардың саяси тұтқын мәселесін көтергені өте дұрыс. Бұл қоғамның тірі екенін көрсетеді».
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Айгуль Токпаеваға қолдауын көрсетті. «Сізді түрмеге отырғызбайды, шартты түрде соттайды деп ойлаймын. Әдейі солай жасайды. Сіздің белсенділігіңізді тоқтату үшін», деді ол. Сонымен бірге, Төреғожина бұған дейін түрмеде отырған саяси белсенділерден тек Макс Боқаевпен кездесе алғанын айтты. «Атыраудан барған соң мені туысқаны деп ойлап қалды. Арон Атабекпен кезінде кездестірмей қойды. Сол сияқты Марат Жыланбаевқа да жолатпай отыр. Басқа да саяси белсенділерге мені кіргізбейді», деп шағымданды Төреғожина.
Одан кейін сөз алған саяси белсенді Әсет Әбішев былай деді: «Өзімнің тәжірибеме қарап айтайын. Түрмеде қысқа мерзімді кездесуге еш шектеу жоқ заң бойынша. Кім келгенін айтады, егер қаласаң кездесуіңе болады. Оған ешкімде тоқтау сала алмайды. Жыланбаевтың жағдайында басқаша. Әйелі кездесуге құқығы бар, сонымен жолықсын дейді. Ал саяси серіктерін, үзеңгілестерін жолатпайды маңына. Бұл заңсыз әрекет деп айтар едім. Себебі, қысқа мерзімді кездесуге тоқтау салуға ешкімнің де құқығы жоқ».
Баспасөз мәслихатына қатысқандар саяси тұтқындардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, құзырлы орган басшылары олардың шағымдары көңілін аударса деген ойын білдірді. Шешім қабылдайтын билік өкілдері Қазақстанды тар қапасқа айналдырмай, заң сақталатын ел ретінде танытуы керек деген пікірін ашық айтты.