Құқық қорғаушылардың мәліметінше, Қазақстанда 31 саяси тұтқын бар.
2024 жылғы 23 сәуірде қазақстандық құқық қорғаушылардың сараптамалық кеңесі «саяси тұтқын» ретінде саяси көзқарасы немесе азаматтық ұстанымы үшін қамауға алынған тағы сегіз адамды таныды.
Бұл туралы «Tірек» құқық қорғау альянсы хабарлады. Жаңадан жасақталған тізімге мына азаматтар қосылды:
Данияр Адилбеков – журналист, «Дикая Орда» Telegram-арнасының авторы. 2024 жылғы 18 қазанда Астана қаласының соты Д.Адилбековті ҚР ҚК 419-бабының 3-бөлігі және 274-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша 4,5 жылға бас бостандығынан айырды. Қылмыстық істің қозғалуының негізі – «El Media» басылымының бас редакторы Г.Ерғалиева, энергетика вице-министрі Е.Аккенженов және Астана әуежайының басқарма төрағасы Юсуфе Рашед Альджавдердің арыздары болды. Д.Адилбеков бұл адамдар туралы өз Telegram-арнасында жариялаған. 2025 жылғы 29 қаңтарда Астана қаласының соты алғашқы инстанция үкімін күшінде қалдырды.
Айдар Сыздықов – Астана қаласының азаматтық белсендісі, Қазақстандағы саяси тұтқындарды босатуды талап еткен бейбіт акцияларға бірнеше рет қатысқан. Оппозициялық «Алға, Қазақстан!» партиясының негізін қалаушылардың бірі. 2024 жылғы 16 мамырда Сыздықов ұсталып, пәтерінде тінту жүргізілді. 2024 жылғы 17 мамырда оның әрекеті ҚР ҚК 297-бабы бойынша («Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу немесе өткізу») сараланды. 2024 жылғы 27 қыркүйекте Астана соты оны 5 жылға бас бостандығынан айырды. 2024 жылғы 12 қарашада апелляция үкімді өзгеріссіз қалдырды. Айдар Сыздықов бұл істі қолдан жасалған деп санайды. Бұған дейін, 2021 жылы, ол ҚР ҚК 405-бабы бойынша (тыйым салынған «экстремистік» ұйым ДВК-ға қатысқаны үшін) 3 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген.
Лаззат Анафина – Астана қаласында тұратын азаматтық белсенді. 2024 жылғы 6 қарашада Лаззат Анафина ұсталып, пробациялық қызметтің ұсынысы бойынша сот оны жазаның өтелмеген 1,2 жылдық мерзімін бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұған дейін, 2023 жылғы мамырда, Анафина ҚР ҚК 379 және 380-баптары бойынша 2 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілген. 2020 жылы Талапкер ауылында Д.Ағаділдің асына қатысқаны үшін 7 тәулікке қамалған. 2022 жылы «Алға, Қазақстан!» партиясын құру бойынша үгіт-насихат жұмысы үшін ҚР ӘҚБтК 489-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Айрықша назар аударатын іс – АЭС бойынша «мемлекеттік төңкеріс» жасамақ болды деп ұсталғандардың ісі. Бұл іс бойынша атом электр станциясының құрылысына қарсы пікір білдірген Алматы қаласының бес белсендісі қамауға алынды. Барлығы да жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға дайындық жасады деген айыппен тергеліп жатыр.
Айдар Мұбараков – 56 жаста, Алматы қаласының азаматтық белсендісі. 2024 жылғы 29 қыркүйекте АЭС құрылысы бойынша референдум алдында ұсталды. Іс ҚР ҚК 24-бабы және 272-бабының 1-бөлігі бойынша сараланған. Қамауда отыр. Айдар Мұбараков достары арасында АЭС құрылысына қатысты өз пікірін білдірген. 2024 жылғы 29 қарашадан бастап аштық жариялап, 24 желтоқсанда тоқтатты.
Нұрлан Жауылбаев – 66 жаста, Алматы қаласының азаматтық белсендісі. 2024 жылғы 29 қарашада ұсталды. Іс ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі және 272-бабының 1-бөлігі бойынша сараланған. Қамауда. Н.Жауылбаев достарымен АЭС құрылысына қарсы пікір білдірген.
Фазылжан Сыдыков – 64 жаста, Алматы қаласының азаматтық белсендісі. 2024 жылғы 29 қарашада ұсталды. Іс ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі және 272-бабының 1-бөлігі бойынша сараланған. Қамауда. Ф.Сыдыков та АЭС құрылысына қарсы пікірін білдірген.
Нұрлан Темірғалиев – 55 жаста, Алматы қаласының азаматтық белсендісі. 2024 жылғы 29 қарашада ұсталды. Іс ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі және 272-бабының 1-бөлігі бойынша сараланған. Қамауда. Н. Темірғалиевтің денсаулығында күрделі мәселелер бар.
Жанат Қазақбай – 67 жаста, Алматы қаласының азаматтық белсендісі. 2024 жылғы 29 қарашада ұсталды. Іс ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі және 272-бабының 1-бөлігі бойынша сараланған. Қамауда. АЭС құрылысына қарсы пікірін білдірген.
Осылайша, «Tірек» құқық қорғау альянсы қазіргі уақытта 31 қазақстандықты саяси тұтқын деп таныды. Көршілес елдермен салыстырғанда бұл сан аса көп болмауы мүмкін, бірақ бұл факт «Жаңа Қазақстанға» абырой әпермейді.
Сараптамалық кеңес құрамына еліміздің сегіз белгілі құқық қорғаушысы кірді:
Ғалым Ағелеуов
Лұқпан Ахмедьяров
Зауреш Батталова
Гүлмира Біржанова
Анар Ибраева
Евгений Жовтис
Ерлан Қалиев
Бақытжан Төреғожина